Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.07.2015

ПАРЛАМЕНТТІҢ ТӨРТІНШІ СЕССИЯСЫ АЯҚТАЛЫП, ДЕПУТАТТАР ДЕМАЛЫСҚА КЕТТІ


ПАРЛАМЕНТТІҢ ТӨРТІНШІ  СЕССИЯСЫ АЯҚТАЛЫП, ДЕПУТАТТАР ДЕМАЛЫСҚА КЕТТІ

 

Астана, 15 шілде. Мәжіліс Үйі. Бүгін Қабиболла Жақыповтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, Мәжіліс Спикері Парламенттің төртінші сессия жұмысын қорытындылап,  болашақ басым бағыттарға тоқталды.    

Қ. Жақыповтың атап өткеніндей, бұл сессия айтулы іс-шараларға, тарихи шешімдерге, табысты еңбекке толы болды. Қ. Жақыпов:

-Ол, Елбасымыздың «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатында көрініс тапқан, әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру жолындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жаңа кезеңі. Ол-бүкіл әлемді елең еткізген, еліміздің Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайту үшін өткізілген, халқымыздың бірлігі мен Елбасына деген сенімінің салтанаты болған президенттік сайлау. Қазақ хандығының 550 жылдығы. Ата Заңымыздың 20 жылдығы. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы.  Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Мемлекет дамуына жаңа серпін берген «Ұлт жоспары - 100 қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет»,-деп атап өтті.

Сонымен қатар, осы уақыт ішінде мемлекеттілікті одан әрі нығайту, инфрақұрылымдық реформалар мен әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі көтеру, халқымыздың бірлігін асқақтатып «Мәңгілік Ел» құру жолында көптеген батыл қадамдар жасалды.  Спикердің атап өткеніндей, Парламент депутаттары олардың барлығын  өз уақытында сапалы әрі тиімді заңдармен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. 

Сессия шеңберінде палаталардың төрт бірлескен отырысы, 41 Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, 335 мәселе қаралса, Сенаттың 33 жалпы отырысы өтіп, 161 мәселе талқыланды.

Қос Палата қарауында 190 заң жобасы болды, оның 113-і қабылданды. Бұл екінші сессиямен салыстырғанда 17, үшіншімен салыстырғанда 9 заңға артық.  Мәжілісте заң жобалары бойынша мыңнан астам жұмыс топтарының отырысы,  200 комитеттердің кеңейтілген отырысы өтіп, онда 10 мыңнан астам депутаттық түзетулер енгізілген.

-Қабылданған заңдар қатарында 4 конституциялық, 9 дербес заң, 35 кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, 65-халықаралық келісім-шарттарды ратификациялау бар,-деді Қ. Жақыпов.

Сыртқы саяси мәселелерге қатысты заң жобаларынан басқа,  қабылданған заңдардың 16-сы экономика және қаржы саласына, 8 заң мемлекеттік құрылыс пен қауіпсіздік, сондай-ақ, әлеуметтік сала мәселелеріне, 7-заң еңбек және әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталды.  Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, осы жолда «Нұрлы жол», «Қазақстан - 2050», «100 нақты қадам» Парламенттің бағдаршамына айналды.

2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толықтай сақтай отырып, Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға қаржы қаралды.     

Кәсіпкерлерді қолдауға арналған заң жобалары әзірленді. Атап айтатын болсақ, олар: салықтық заңнамаға енгізілген өзгерістер, кәсіпкерлік қызмет жағдайын түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша заң,  мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын шектеуге қатысты заң, сондай-ақ, бірінші оқылымда қабылданған Кәсіпкерлік Кодексі.

- «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, инфрақұрылымдық реформаларға бағытталған бірқатар заңдар қабылданды. Олар көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарға, сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты – деп атап өтті, Қ. Жақыпов.  

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Парламенттің төртінші сессиясында заңнаманы әлеуметтік жаңғырту талабынан туындайтын мақсаттар мен міндеттерге сәйкес жаңалауға айрықша назар аударылды.

Осы ретте Қ. Жақыпов депутаттар бастамашы болған ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы, мемлекеттік жастар саясаты туралы заңдарды, сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске, тұрғын-үй қатынастары мәселелеріне қатысты енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Өз сөзінде Мәжіліс Спикері депутаттық корпустың төртінші сессия барысындағы ұйымдастыру-қоғамдық жұмыстарына да назардан тыс қалдырмады.

Сессия ішінде Парламент депутаттарына азаматтардан  9 мыңнан астам хат түсті. Қоғамдық маңызды мәселелерді шешу мақсатында сенаторлар мен мәжілісмендер мемлекеттік органдар атына  326 депутаттық сауалдар жолдады.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, депутаттық корпустың маңызды жұмыстарының бірі - халықаралық форумдарды ұйымдастыру мен өткізу. Осы ретте әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің V Съезін, Конституция мен ҚХА 20 жылдығына арналған халықаралық конференцияларды атап өтуге болады. 

Сессия барысында Мәжілісте  9 үкіметтік сағат,  Парламенттік тыңдау, 12 «дөңгелек үстелдер», 9 комитеттердің көшпелі отырысы және 5 ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ал, парламентшілердің басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту жайын сөз еткенде Қ. Жақыпов «Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы шартты ратификациялау туралы» Заңға ерекше тоқталды. 

- Депутаттар Елбасы бастамашы болған интеграцияның экономикалық моделін толықтай қолдайды. Еуразиялық одақты Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіре отырып саясиландыруға жол беруге болмайды деп санаймыз. Осы шартты іске асыру барысы Қазақстанның экономика саласында ғана емес, басқа салаларда да мемлекеттік бәсекеге қабілеттілігі мен табыстылығын сын тезіне салады – деді Мәжіліс Төрағасы.

 Қ. Жақыповтың айтуынша, депутаттар, халықаралық келісімдерде де әрқашанда, еліміздің Ата Заңының үстемдігін қорғауға тиіс.

- Мемлекетіміз тек ЕАЭО шеңберінде ғана емес, әлемдік деңгейде сауда-экономикалық қатынасты дамытуда. Мәселен, 22-маусымда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі туралы келіссөздер аяқталды,-деді Мәжіліс Спикері.

Осы жерде 2017-2018 жылдарға БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне   Қазақстанның кандидатурасын жылжыту мәселесін де атап өтуге болады. 

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Парламент қабылдаған бітімгершілік қызметке және дамуға ресми көмек туралы, сонымен қатар, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңдардың маңыздылығына тоқталды.

  Өз сөзінде Қабиболла Жақыпов тағы бір мәрте заң шығармашылық жұмыстың сапасын көтеру қажеттілігін ерекше атап өтті. 

Осы ретте Қ. Жақыпов Үкімет жұмысындағы оң қадамдарды алға тарта келіп, соның ішінде, Әділет министрлігінің жаңа бастамаларына көңіл бөлді. Мәжіліс Төрағасы жемісті жұмыстармен қатар,  олқы тұстарды да назардан тыс қалдырмады. Атап өткеніндей, Үкіметтен Мәжіліске түсетін заң жобаларының 70 пайызы бойынша тіркелгенге дейін жұмыс жалғасады.

Мәжіліс Спикерінің пікірінше, заң жобаларының сапасының сын көтермеуіне құжатты әзірлейтін министрліктердің өз саласындағы жағдайға тереңдете жүйелі талдау жасамайтындығы, заңды дайындау сатысында тиімділігін жете болжамауы, мүмкін болатын тәуекелдерді бағамдамауы, қоғам пікірін ескермеуі, мықты кәсіби қауымдастықты тартпайтындығы себеп болып отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, төртінші сессия барысында 206 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Қ. Жақыпов:

- Депутаттар мен сарапшылардың айтуынша, заңнамаға осыншалық жиі түзетулер енгізілуінің негізгі себебі – Үкіметтің Парламент депутаттарының өкілдік-заң шығармашалық әлеуетін толықтай пайдаланбайтындығы, олардың заңнамалық бастамаларын нақты жүзеге асырудың обьективті шарттарының жотығы  - деп атап өтті. 

Одан әрі Төраға: 

- Мәжіліс қабылдаған үкіметтік заң жобаларының әрбір үшіншісінің мазмұны 50 пайызға, кейде одан да жоғары деңгейде өзгеріске ұшырайды. Жекелеген жағдайларда (ратификацияны қоспағанда) заң жобасы бірқатар заңдардың күші жойылуы көзделген нормаларының өзара байланыспаған механикалық жиынтығын ғана білдіреді – деп атап өтті.

Сонымен қатар, заң жобасын әзірлеумен айналысатындарда заңды жүзеге асырудың нақты тетіктерінің жоқтығы, мемлекеттік органдар әрекетінің үйлестірілмейтіндігі өзекті сұрақтардың бірі. Ол өз кезегінде бір норманың әртүрлі заң жобаларында қайталануына немесе қарама-қайшылықтардың туындауына жол береді. 

- Заң, егер ол, тіпті, көкейтесті мүдделерді қамтып тұрса да, автоматты түрде өздігінен жұмыс істеп кете бермейді. Бізде барлық заңдар өздеріне қажетті заңға тәуелді актілерді дер кезінде қабылдап-қолданумен ұштаса бермейді, мұның өзі заңның пайдалы әсерін кемітіп, құқықтық вакуум қалыптастырады – деп толықтыра түсті Мәжіліс Төрағасы.

Спикердің айтуынша, үкіметтік қорытындыларды берудің заңмен бекітілген мерзімін сақтамау да маңызды мәселелердің бірі.

Қ. Жақыпов кейде депутаттардың ұсыныстары мен ескертулері әзірлеушілер тарапынан қолдау таппай, үкіметтің формальды қорытындыларымен кейінге шегеріліп жататындығына назар аударды.

- депутаттық бастамаларды орындау көп жағдайда құқықтық салада қайшылықтардың орын алуына жол бермейді. Нәтижесінде, Парламент бір заңға бірнеше рет өзгерістер енгізбейтін еді,-деді Қ. Жақыпов.

Осы орайда Спикер сессия сайын қайталанып отыратын проблемалардың кешенді шешімін табуы үшін Парламент пен Үкіметтің бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Ол Елбасы жүктеген тапсырмаларды сапалы заңнамалық қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Қазірдің өзінде Мәжілісте жалпы Палата бойынша, сондай-ақ, құрылымдық бөлімдерде заң шығармашылық жұмыстарға жан-жақты талдау жасау басталып кетті. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижесі арнайы шығарылған ақпараттық-талдамалық баяндамада көрініс тапты.

Онда нақты заң жобасы бойынша жүйелі мониторинг жүргізіліп қана қоймай, заңнамалық реттеуді қажет ететін, талқылауға қатысушылар көтерген, осы саладағы өзекті мәселелерге де талдау жасалынады.

 Төртінші сессия  жұмысын қорытындылай келе, Спикер    Парламенттің, Үкіметтің, барлық мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың елдік мақсаттар жолында бірлесе, жемісті жұмыс атқарғанын атап өтті.

Қ. Жақыповтың пікірінше, Парламент Үкіметпен бірлесіп, Елбасы белгілеп берген және қалыптасқан жағдай талап етіп отырған көптеген ауқымды міндеттерді шешті. Барлық фракциялар, депутаттық бірлестіктер, қос Палатаның комитеттері, әрбір депутат береке-бірлікте жұмыс атқарды, әрқайсы ортақ нәтижеге өз үлесін қосты. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде:

-Баршамыз аянбай еңбек еттік, қызу пікірталасқа да түстік, тіпті көңіл күй мен эмоцияға да берілдік, бірақ әр уақытта тіл табыса алдық, өйткені, Парламентті де, Үкіметті де және біртұтас мемлекеттік басқару жүйесін де ортақ саяси құндылық біріктіреді. Бұл-халық, Елбасымыз және болашақ ұрпақ алдындағы бүгінгі қабылданып жатқан шешімдер үшін үлкен жауапкершілік сезімі,-деді.

Палата Спикері Сенат Төрағасына және сенаторларға құстың қос қанатындай үйлесімді, жарасымды жұмысы үшін зор ризашылығын білдірді.  

Сондай-ақ, Үкімет мүшелеріне, депутат әріптестеріне, Парламентте тіркелген БАҚ өкілдеріне жауапты да сапалы қызмет үшін өз алғысын жеткізді.

Қос Палатаның бірлескен отырысында, бесінші шақырылымның төртінші сессиясы  өз жұмысын аяқтап, халық қалаулылары 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін демалысқа шығатындықтары туралы қаулы қабылдады.

Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

 

(Зәмеш Кеңесқызы 47-63-02.  ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі )


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі