Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.07.2015

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА


МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА

 

Астана, 23 шілде, Мәжіліс Үйі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Рақымжанов 20 шілде күні іссапармен Әйтеке би және Ырғыз аудандарына барды.

Мәжіліс депутаты Қарабұтақ ауылына ат басын бұрды. Ауылдағы Әйтеке би атындағы музейде болып, Әйтеке би ауданының тарихынан сыр шертетін мәліметтермен танысты.

Музейден шыққаннан кейін «Балбұлақ» балабақшасына барып, мектепке дейінгі ұйымның тыныс-тіршілігінен хабардар болды.

Мекеменің ғимараты былтыр пайдалануға берілген. Қазір 41 бала тәрбиеленуде. Балалармен 4 тәрбиеші, көмекшілері және әдіскер, психолог жұмыс жасайды. Мәжіліс депутаты талапқа сай қызмет жасап тұрған балабақшаның жұмысын оң бағалады.

Ол сондай-ақ Қарабұтақ және Еңбекту тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған  «Қарабұтақ-Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мекемеде жұмыс жасайтын
8 қызметкермен кездесіп,  кәсіпорын иелігіндегі ұңғыма (скважина), су мұнарасы (башня),  насос станциясы, су қоймаларын барып көрді.  Мәжіліс депутаты Комсомол ауылына тартылып жатырған газ құбыры құрылысында да болды.

Содан кейін, Мәжіліс депутаты «Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерваты» мемлекеттік мекемесінде болып, мекеме қызметкерлерімен кездесті.

2007 жылы құрылған мемлекеттік мекемесі негізгі міндеті – Бетпақдала таралымындағы киіктерді қорғау, сақтау және көбейту және дүниежүзілік маңызы бар Рамсар Конвенциясы тізіміне енгізілген сулы-батпақты өлкені қорғау.  Ырғыз-Торғай  МТР ашылғалы ақбөкендер саны баяу, бірақ тұрақты өсіп келеді. ҚР Зооинститут мәліметтері бойынша Бетпақдала таралымындағы киіктердің саны 2007 жылы 22,8 мың болса, 2014 жылы
216 мыңға жеткен.

Кездесу барысында мекеменің тыныс-тіршілігімен танысқан Мәжіліс депутаты резерват инспекторларының қойған сауалдарын жазып алды.

Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің жаңа үлгідегі химия, биология кабинеттері  және мультимедия, шеберхана бөлмесі, спорт залы, кітапхана, мәжіліс залы және оқу кабинеттерін аралады. Сондай-ақ «Жігер» спорт кешенінде болып, спортсүйер жеткіншектердің жаттығуын тамашалады.

Содан соң жаңадан салынып жатқан мал бордақылау пунктінің жұмысымен танысты. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша бой көтерген құрылыс нысаны «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты. 3000 бас мүйізді ірі қара малын бордақылауға арналған. Бүгінгі күні мал бордақылау алаңының 25 пайыз құрылысы бітіп тұр.

 

ҚР Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың Ақтөбе облысындағы іссапары 21 шілде күні Хромтау ауданында жалғасты.

Депутат алдымен шаһардағы жол жағдайымен танысты. Содан соң қаладағы сүт өнімдерін дайындайтын «Агрофирма «Тау» ЖШС-не барды Мұнда тәулігіне 20 тонна сүт өнімдері дайындалады. Енді айран мен сүттен өзге сүзбе, ірімшік, май сияқты сүт өнімдерін өндіру жоспарлануда. Серіктестік қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Келешекте жұмысшы санын арттыруды көздейді.

Мәжіліс депутаты Ә. Рахымжанов сондай-ақ, жұмысын енді бастаған шұжық өнімдерін дайындайтын жаңа цехта да болды. Цех директоры
В. Габор сүт өнімдері заманауи технологиямен өндірілетінін, әр ауысым сайын 500 кг. өнім дайындалатынын және өнім сапасы жоғары әрі сұранысқа ие екендігін мәлімдеді. Екі цехтың жұмысымен танысқан Ә. Рахымжанов ауданда шағын және орта бизнеске қолдау білдіру арқылы халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс деңгейі жоғарылағанын атап өтті.

Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер ауылдарда қаншалықты жүзеге асып жатқандығын өз көзімен көруді жөн санаған Әмірхан Рахымжанов аудандық орталық ауруханаға бас сұқты. Депутат жедел жәрдем, ота жасау, перзентхана бөлімдерін аралап, науқастанған азаматтармен жүздесті.

Содан соң аудандағы Тау кен техникалық колледжінде болды. Оқу орнының басшысы Бағдаш Молдашова бұл оқу орнынан білім алушылар саны жылдан-жылға арта түскенін тілге тиек етті.

- Біз аймақтың аудандары мен ауылдарын аралап, мемлекеттің барлық әлеуметтік бағдарламаларының ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына куә болудамыз. Алдымызда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру тұр. Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бізде барлық мүмкіндік бар, – деді Мәжіліс депутаты тұрғындармен кездесу барысында.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі