Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.08.2015

ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ


                ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ ВЬЕТНАМНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ   

               

Астана, 28 тамыз, Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі  Нгуен Ван Хоаны қабылдады. 

 

Кездесу иелері Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелеріне тоқталып, әсіресе, екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуға көңіл бөлді.  

Осы ретте тараптардың атап өткеніндей, Вьетнам Премьер-министрінің Қазақстанға сапары барысында  қол қойылған Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында еркін сауда аймағы туралы келісім екіжақты экономикалық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге серпін бермек.

Қ. Жақыпов әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайына айрықша назар аударып, оны еңсеру жолында қолға алынып жатқан шаралардың барлығы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.  

Өз кезегінде елші экономикалық, саяси, парламентаралық, достық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта Вьетнам Социалистік Республикасы Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Қ. Жақыпов ағымдағы жылы тамыз айының соңында Қазақстандағы миссиясының аяқталатындығына орай, елшіге соңғы үш жыл ішінде қос мемлекеттің қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғысын жеткізді.

Кездесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Әшімбаев қатысты.   

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі