Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.09.2015

МӘЖІЛІС ҰЛТ ЖОСПАРЫН ЗАҢМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ


 

МӘЖІЛІС ҰЛТ ЖОСПАРЫН ЗАҢМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ

 

 

Астана. 2-қыркүйек. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен бесінші сессияның алғашқы жалпы отырысы өтті. 

Халық қалаулылары бірінші күннен Елбасы тапсырмасына сәйкес бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100-нақты қадам - Ұлт Жоспарын заңдық тұрғыдан қарқынды қамтамасыз етуге белсене кірісіп кетті.

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, бесінші сессия өз жұмысын аса күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда бастап отыр. 

Қ. Жақыпов Президенттік сайлаудың асқынып келе жатқан дағдарыстың алдында өтуінің өзі еліміздің  осы  сынақтан лайықты өтуіне мүмкіндік жасап, бұл дана саяси шешім бүгінгі таңда мемлекетіміздің ұлттық мүдделеріне қызмет етіп келе жатқанын баса атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы Елбасының халық арасындағы және халықаралық деңгейдегі зор беделі мен жоғары тұлғалық қасиеті Ұлы қазақ даласының қорғаны болып отырғандығына тоқталды.

Қазіргі кезде ел басшылығы тарапынан экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеру, тәуелсіздікті нығайту мен мемлекетімізді жаңғырту бойынша кешенді шаралар қолға алынып жатқанын алға тарта келіп, Қ. Жақыпов: 

- Ұлт жоспарын қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау арқылы біз жаңа экономикалық саясат жағдайында өмір сүретін боламыз. Жаңа қаржы-несие саясаты жүргізіледі. Мемлекет Басшысы экономикадағы құрылымдық реформаларды жандандыруға және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға қолдау көрсететін заңдарды қабылдауға тапсырма берді,-деді.

Бүгінгі күні Мәжіліс Ұлт жоспарын заңмен қамтамасыз етудің орталығына айналып отыр. Заң жобаларын қарастыру күнделікті жұмыс топтарында жүзеге асырылатын болады.

Сондықтан Қабиболла Жақыпов барлық депутаттарды, үкімет мүшелерін, мемлекеттік орган басшыларын осындай жұмыс режиміне дайын болуға шақырды.

Мәжіліс бүгінгі жалпы отырыстың өзінде 44 заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Күн тәртібі бойынша ең әуелі Мәжіліс депутаты Қ.Б. Саудабаевты   Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына сайлау туралы мәселе қаралып, мәжілісмендер тарапынан қолдау тапты.

Одан әрі осы комитетке Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы, ілеспелі түзетулермен мемлекеттік қызмет туралы заң жобалары, жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ бірқатар ратификациялық құжаттар, атап айтқанда, Мажарстанмен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты, Монако Князьдігімен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының режимі туралы үкіметаралық келісімді,  «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімді, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы келісімді ратификациялауға қатысты қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.  

                Ал, Жоғары Сот Кеңесі туралы, ілеспелі түзетулермен қоғамдық кеңестер туралы, ілеспелі түзетулермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобалары және сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңға, жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңға, құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру жөнінде түзетулерді көздейтін құжаттар бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілді.

                Сонымен қатар осы күні Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заң жобасы және Сайлау туралы Конституциялық заңға түзетулерді көздейтін Конституциялық заң жобасы, жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау, салық салу және кедендік әкімшілендіру, Қазақстан азаматтарына, оралмандарға және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау, оңалту және банкроттық,  бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне  жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту,  мемлекеттік қызметтер көрсету туралы заң жобалары, жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту, индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

Ал, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Еңбек кодексінің жобасы бойынша, ілеспелі түзетулермен «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының жобалары және еңбекті реттеу, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады.

Аграрлық мәселелер комитетіне ілеспелі түзетулермен Органикалық өнім өндіру туралы заңының жобасы, жер кодексіне түзетулер бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

                Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ілеспелі түзетулермен «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын, ғарыш қызметі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы», электр энергетикасы мәселелері бойынша заң жобаларын жұмысқа қабылдады.  

Жалпы Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету аясында 67 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде 37-сі Мәжіліс қарауына түсті. 10 заңға депутаттар бастамашы болды.

Мәжіліс 56 заң жобасын ағымдағы жылдың 7-қазанына дейін қабылдауды межелеп отыр.

Сонымен қатар, дағдарысқа қарсы шараларды заңдық құжаттармен қамтамасыз ету Мәжіліс жұмысының басым бағыттарының бірі. 

Осының барлығы, Парламент пен Үкіметтің үйлесімді жұмысын талап ететінін айта келіп, Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпусқа жүктеліп отырған аса жауапты міндетті өз уақытында сапалы әрі тиімді орындау үшін барлық комитет басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Жалпы отырыстың соңында Еліміз Конституциясының 20 жылдық мерейтойына орай  Елбасы Жарлығымен  мемлекетіміздің қалыптасуы мен нығаюына қосқан зор үлесі үшін Парламент Мәжілісінің депутаттары, Аппарат басшысы мен оның орынбасарлары «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

 

(Зәмеш Кеңесқызы-74-63-02. ҚР Парламенті Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі