Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.10.2015

Еуразиялық экономикалық перспектива» халықаралық форумының қорытынды құжаты


«Еуразиялық экономикалық перспектива»
халықаралық форумының

қорытынды құжаты

 

Астана. 6 қазан, Мәжіліс үйі. Астанада “Еуразиялық Экономикалық перспектива” халықаралық форумына қатысушылар қорытынды құжат қабылдады. Онда былай делінген:

“2015 жылғы 6 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының бастамасымен «Еуразиялық экономикалық перспектива» атты кезекті Халықаралық форум өтті.

Халықаралық форумда Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан парламентшілері, сондай-ақ шекаралас өңірлердің басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, беделді халықаралық ұйымдардың және Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, БАҚ-тың және Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

                Халықаралық форум аясында Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - ЕАЭО) пен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыру, осындай өзара әрекеттестіктің әлеуетіне қатысты ортақ айқындаманы қалыптастыру жөніндегі мәселелер және Еуразия құрлығындағы жан-жақты ынтымақтастықтың бағыттары талқыланды. 

                Қатысушылар Халықаралық форум өткізу қорытындысы бойынша:

                халықаралық құқық принциптеріне, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен ережелеріне өздерінің адалдығын растайды,

                 өзара құрметтеу, ашықтық және өзара тиімді ынтымақтастық принциптерін сақтау қажет деп санайды,

                ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыру бастамасын қолдайды,

                ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыру осы жобаларға қатысушы елдер арасындағы әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашады деп санайды,

                ЕАЭО мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім жасасу жөніндегі алда тұрған келіссөздерді құптайды,

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға септігін тигізуге бағытталған күш-жігерін қолдайды,

ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыруда елдеріміздің мүдделеріне сай өзара келісілген әрекеттер арқылы Еуразия және Азия аймақтарындағы үдемелі әрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, экономикалық әріптестікті дамытуға жағдай жасайтын болады

ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуін құру ісін ұштастыру бойынша диалог тетігін іске қосу арқылы ынтымақтастықты дамытуға көмектесетін болады.

2015 жылғы 6 қазанда Халықаралық форумға қатысушылар қабылдады”.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі