Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.10.2015

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА ЕЛБАСЫМЫЗБЕН БІРГЕ ӘРБІР АЗАМАТТЫ ҮЛЕСІН ҚОСУҒА ШАҚЫРАМЫЗ


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА ЕЛБАСЫМЫЗБЕН БІРГЕ ӘРБІР АЗАМАТТЫ ҮЛЕСІН ҚОСУҒА ШАҚЫРАМЫЗ

 

Астана, 7 қазан, Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Азат Перуашев Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

«Бүкіл әлемге белгілі болғандай, биылғы жылы 27 қыркүйекте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қазақ тілінде баяндама жасағаны тарихи оқиға ретінде бағаланып жатыр.  Қазақ тіліндегі баяндама халықаралық  алты тілге аударылды. Экономикалық дағдарыс күшейіп,  бүкіл дүние дүбірлеп  тұрғанда,  әлемдік күрделі мәселелерді кесімді де, шешімді түрде түйінін түйіп айту, әлемнің бүкіл мемлекет басшыларына құнарлы қазақ сөзімен құйып айтудың бағасын ешнәрсемен салыстыруға болмас…

Қазақ тілін бүкіл әлем тыңдады!  Тәуелсіздігіміздің 24-ші жылында Елбасымыз қазақша жасаған баяндаманың себебін:

“Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым. Сондықтан  мен айтқаннан кейін менен кейінгі біздің басшылар   солай сөйлейді деп сенемін!”, – деп түсіндірді.

Иә, қазақ тілін әлемнің 193 президенті тындағаны - ұмытылмайтын сәт! Тіліміздің әлемге танылған күні Елбасының Қазақ хандығының 550 -жылдығына тамаша тарихи сыйлығы болды деп білеміз!

Ал,  енді мемлекеттіліктің символы болып табылатын мемлекеттік тілдің Конституцияға сай  дәрежеде дами беруі үшін тек Елбасымыздың   ерекше ерлік еңбегіне ғана қарап, отыра беруге болады ма? Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам өкілдерінің барлығы мемлекеттік тілде сөйлеген Президентімізден үлгі алуға тиіс.

Сол себептен, Ақ жол фракциясы Мемлекеттік тілдің Конституцияға сай болуы және Тілдер туралы Заңымыз бен  Тілдерді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыстарды  іске асыру туралы Үкіметтен мерзімаралық есебін беруді сұрайды. 

Сонымен қатар,  бұған мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, әр қазақстандық өз үлесін қосуға міндетті. Әсіресе,  БҰҰ-ның Қазақстандық үлгісі аталып жүрген Қазақстан Халқы Ассамблеясы өзін көрсететін кез келді. Осылайша  Елбасы бастамасын Қазақстандық Ассамблеямыз жалғастырып, Президентіміз  айтқандай, “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің  басты факторы” екенін іспен дәлелдейді деген сенімдеміз.

Өз тарапынан, "Ақ жол" партиясы өзінің саяси бағдарламасында да баса назар аударғандай, Мемлекеттік тіліміздің дамуына Елбасымызбен бірге еліміздің әрбір азаматын жеке үлесін қосуға шақырады».

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі