Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.11.2015

МӘЖІЛІС 2016-2018 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС 2016-2018 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 18-қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжіліс «2016 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасында  еліміздің 2016-2020 жылдарға арналған  әлеуметтік-экономикалық даму болжамын түзету ескеріле отырып, 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлері қайтадан  қаралды. Қайта қаралған бюджет жобасы Елбасының тапсырмасына сәйкес  жаңа бағыттар бойынша шығыстарды қамтыған және ол бұрын қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді.   

Бюджет жобасында экономиканың нақты секторын қолдаудың басты нысанасы ретінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасына айрықша назар аударылған. Аталған бағдарламаны іске асыруға 1 241,5 млрд. теңге сомасында шығыстар көзделген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына және Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 2016 жылы 416,0 млрд. теңгеге   ұлғайтылып отыр.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап,  мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды және  стипендиялар мөлшерін 25%-ға арттыру  жоспарланған.

                Заң жобасын талқылау барысында Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қысқа мерзім ішінде бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қамтамасыз ететін тиімді заң жобаларын қабылдағаны үшін Президенттің Мәжіліс депутаттарына өз алғысын білдіргенін жеткізді. Сондай-ақ Үкімет Басшысы 2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына қолдау көрсеткені үшін депутаттық корпусқа ризашылығын білдірді.

                Осы күні  Ұлттық қордан 2016 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы халық қалаулыларының қолдауына ие болды.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Парламент қабылдаған  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жекелеген баптары бойынша, Мемлекет басшысының қарсылықтарын қарады.

Осыған байланысты баяндама жасаған ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин Елбасы аталған заңды уақытында қабылданған өте маңызды құжат ретінде жоғары бағалағанын, жалпы алғанда бұл заңға қолдау білдіргенін алға тарта келіп, Президенттің осы заңның кейбір талаптары мемлекеттік аппаратты жаңартудың міндеттеріне сәйкес келмейтінін ескерткенін атап өтті. Ол мемлекеттік саяси қызметкерлер мен мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер үшін  мемлекеттік қызметке қабылдау және оны тоқтату нормасына байланысты. Мемлекет басшысының ұсынысында айтылғандай, мемлекеттік саяси қызметкерлер мемлекеттік әкімшілік қызметкерлермен бірдей зейнет жасына жеткенде мемлекеттік қызметті тоқтатады. Мұндағы жасы бойынша шектеуге байланысты ерекшелік өкілеттік мерзімі Конституцияда және заңдарда айқындалған және Елбасы шешімі бойынша өз өкілеттіктерін  бес жылға дейінгі мерзімге жалғастыруды жүзеге асыра алатын Президент тағайындаған мемлекеттік саяси қызметшілерге қатысты болмақ.

Осыған орай Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 1-тармағы және 59-бабы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылықтары еңсерілмегендігі туралы Қаулы қабылдады.

Жалпы отырыста «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы ілеспе құжатпен екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасында уәкілетті органды атом энергиясын пайдаланатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың барлық санаттары үшін біліктілік талаптарын бекітуге міндеттейтін, сондай-ақ авариялық жағдайлардың туындауына жол берген немесе қауіпсіздік талаптарын бұзған адамдарға қатысты кезектен тыс аттестаттауды тағайындау көзделеді. Сонымен қатар, пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеуге заңды тұлғалар ғана жіберілетінін нақтылайтын нормамен толықтырылды.

Осы күні халық қалаулылары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу мен олардың айналысының кейбір мәселелері туралы хаттаманы ратификациялады.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары «2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыста Мемлекет Басшысының Өкімімен Парламент Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың ҚР Ғылым және білім министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалуына байланысты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі