Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.11.2015

МӘЖІЛІС – ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР-ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ


МӘЖІЛІС – ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР-ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

 

Астана, 26  қараша.  Мәжіліс Үйі.

 

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы жайылымдық жерлерді тиімді басқару мен пайдалану туралы»  тақырыбына дөңгелек үстел өткізді.

Басқосуды Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Төлеген Ибраев жүргізіп, Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің төрағасы Мейрам Пішембаев беташар сөз айтты.

Мәжілісі депутаты Жексенбай Дүйсебаев тақырыпқа баяндама жасады.

         «Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында отандық мал шаруашылығын бұрыннан қалыптасқан тарихи дәстүрлерді  және  жаңа ғылыми-техникалық  басқаруды ескере отыра қайта туындату керек екенін атап өткен болатын.

        Бұл дәстүрлерді қайта жаңғыртудың негізгі компоненттерінің бірі жайылымдық жемшөп өндірісін дамыту болып табылады. Елімізде айтарлықтай табиғи жайылымдық алқаптардың болуы отандық мал шаруашылығының жоғары рентабельділігін, оның бәсекеге қабілеттілігін және тұтастай алғанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен жол ашады.

        Нарықтық жағдайда мал шаруашылығы саласын дамыту үшін, бірінші кезекте жем-шөп қорын құру және оны нығайтуды негізге ала отырып мал шаруашылығын интенсивті әдісте жүргізу қажет екені баршамызға мәлім.

       Бұл бағытта жайылымдық алқаптарды ұтымды пайдалану мәселесі негізгі рол атқарады және малды  өзіндік құны арзан әрі жоғарғы сападағы жемшөппен қамтамасыз етеді, сондай-ақ ең бастысы малдың пайдалы заттарға бай, жеңіл сіңірілетін табиғи жайылымдарға қол жеткізеді.

        Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану туралы мәселелер Елбасының бес институционалдық реформаларды жүзеге асырудағы  «Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам»  атты жоспарының 35-ші және 36-шы қадамдарында да нақтылап көрсетілген.

           Өкінішке орай, біздердің тиімді пайдаланбай  және  жаңаша дамытпай отырғанымыз - табиғаттың бізге берген байлығы жайылым және тарихи сынақтан өткен дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуда нақты түрде жүзеге  асыра алмай жатқанымыз.

      Қазіргі таңда, еліміздің жер ресурстарының 80 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды жерлер, ал оның 70 пайызы жайылымдық алқап болып табылады, яғни бір малдың шартты басына шаққанда 20 гектар жайылымдық жер бар деген сөз. Олай болса болашақта индустриалды-инновациялық дамыған алдыңғы қатардағы аграрлық мемлекет болуға біздің толық мүмкіндігіміз бар екендігімізге  көз жеткізуге болады.

        Алайда, жайылымдарды пайдаланудың ұтымды тұстары қазіргі уақытта толық шешімін тапты ма деген сұрақтар жиі айтылады. 

        Бұлай дейтініміз, мәлімет бойынша, бүгінде елімізде орташа есеппен малдың шартты басы жылына 11 миллионға жуық  жайылымға шығарылып отырады. Ал, бір мал басының тәуліктік азығы 35 килограммды құраса, жайылым уақыты 180 күнге тең болған жағдайда, бір мал басына шаққанда 6,3 тонна шөп азығы керек.

        Біздердің бүгінгі көрсеткіштеріміз 4,6 тоннадан аспайды, немесе бір мал басына шаққандағы шөп азығының  дефициті 30 пайызды құрайды. Осының салдарынан бүгінде еліміздегі мал шаруашылығы өнімдерінің жылдан-жылға өспей отырғандығында. Бұған дәлел ірі қара малдың орташа тірі салмағы 300 килограммға дейін ғана. Бұл көрсеткіш АҚШ-тан 1,9 есе және Канададан 1,7 есе төмен.

        Бұндай жағдайдың қалыптасуы негізінде, төрт түлік малдың басым көпшілігі ауыл маңына жақын аумақтарда шоғырланған және бұл жерлердің басым бөлігі іс жүзінде тозған, себебі 18 миллионнан астам  жеке бастың және шаруа қожалықтарының барлық малдарының түрі осы жерде жайылады, тиісінше  бұл аймақтағы мал басының тығыздығы, малды ұстау нормативінен бірнеше рет асып кеткен.

       Осындай жағдайдың болуы  жайылымдарды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды нақты заңнамалық реттеудің болмауымен байланысты.    

Халықтың 47 пайызын құрап отырған ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі болып табылатын қосалқы шаруашылықтарындағы жеке меншік малдарын жайылымдармен қамтамасыз ету - қазіргі кездің өзекті мәселесі. Себебі мал басының 70-тен астам пайызы ауылдық тұрғындардың меншігінде»,- деді баяндамашы.

        Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұлов өз ойын ортаға салды.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі