Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.12.2015

ҚАЗАҚСТАН МӘЖІЛІСІ МЕН ТҮРІКМЕНСТАН МЕДЖЛИСІ СПИКЕРЛЕРІ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ


ҚАЗАҚСТАН МӘЖІЛІСІ МЕН ТҮРІКМЕНСТАН МЕДЖЛИСІ СПИКЕРЛЕРІ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН  ТАЛҚЫЛАДЫ 

 

             Астана, 12 желтоқсан, Мәжіліс   үйі. Түрікменстан бейтараптығының 20 жылдығына арналған шараларға қатысу барысында Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов Ашхабад қаласында Меджлис төрағасы Акджа Нурбердыевамен кездесті.

             Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың  өзекті сұрақтарын талқылай келіп, қарым-қатынастың нығаюы, екі ел басшыларының іс-сапарлары мен өзара кездесулерге жол ашатынын атап  өтті. Сондай-ақ, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру қазақстандық-түрікмендік өзара іс-қимылды жаңа сапалық деңгейге көтеретіндігі айтылды.   

             А. Нурбердыева басқа мемлекеттер ісіне араласпайтын, бейбітшілікті сүюге негізделген бейтараптықтың түрікмендік моделі жайында әңгіме қозғады.  

             Қ.  Жақыпов Түрікменстанның әлемде ядролық қару таратпау ұстанымына беріктігін алға тартып, аталған елді осы жылдың қыркүйек айында МАГАТЭ ұйымына мүше болуымен құттықтады.  

             Кездесу иелері, екі мемлекеттің көліктік-транзиттік әлеуетіне назар аудара келіп, сауда-экономикалық ықпалдастық тақырыптарына да тоқталды. Парламент өкілдерінің айтуынша экономикалық байланысты жүйелі дамыту  жолында «Казақстан – Түрікменстан - Иран» теміржолы магистралының өзіндік орны бар. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік жолы,  «Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үнді» сынды ауқымды жобалардың  маңыздылығы зор.  

             Қ. Жақыпов пен А. Нурбердыева екі ел  парламенттерінің заңнамалық жұмысы бағытындағы тәжірибелерін сөз ете келіп, парламентаралық қатынасты одан әрі дамыту  жайына көңіл бөлді. Осы ретте Мәжіліс Спикері  түрікмендік әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге  шақырды.  

 

(Зәмеш Кеңесқызы-74-63-02. ҚР  Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

            

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі