Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.12.2015

МӘЖІЛІСТЕ 2015-ЖЫЛДЫҢ СОҢҒЫ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ


 

МӘЖІЛІСТЕ 2015-ЖЫЛДЫҢ СОҢҒЫ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

 

Астана. 23-желтоқсан. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен 2015 жыл бойынша Мәжілістің соңғы жалпы отырысы өтіп, халық қалаулылары күн тәртібінде бекітілген мәселелерді талқылағаннан кейін, Қ. Жақыпов жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

                Мәжіліс Төрағасы осы жылы Тәуелсіз Қазақстанымыздың жылнамасында орын алған маңызды оқиғаларды тізбектей келіп, сол тарихи сәттердің барлығында Мәжіліс депутаттарының қолтаңбасы қалғанын атап өтті. Ол тек қомақты сандық көрсеткішпен ғана емес, Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын, халқымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ету жолында сапасымен де ерекшеленген Мәжілістің өнімді заңнамалық қызметінде айрықша көрініс тапты. Оған Елбасының да бірнеше мәрте жоғары баға бергенін алға тартқан Мәжіліс Төрағасы алдағы уақытта да заңнамалық жұмысты жоғары қарқынмен атқару керектігін, оны уақыттың өзі және Президенттің мемлекет алдына қойған маңызды міндеттері талап етіп отырғанын баса айтты. 

-Елбасы біздің мемлекетіміз барлық жағынан бәсекеге қабілетті болуын міндеттеді. Біз де бәсекеге қабілетті заңдар қабылдауымыз керек,-деді Қ. Жақыпов.

Осы мақсатта Спикердің тапсырмасымен жыл басынан бері әрбір заң жобасына барлық кезеңдерде жеке-жеке талдау жасап, депутаттардың заңнамалық жұмысын қамтамасыз  етуге жұмылдырылатын барлық қызметкерлерге, бөлімдерге нақты қаралып отырған заң жобасы бойынша жүйелі мониторинг жасаумен қатар, сол сала бойынша көтерілген өзекті сұрақтарды жан-жақты сараптау жүктелген болатын. Соның нәтижесінде заңдық жолмен шешуді қажет ететін көптеген мәселелер жарыққа шықты.

Заң жұмысы әрқашанда біздің мемлекетіміз бен қоғамның өмірлік қажеттіліктеріне қатысты нақты жағдайға бейімделіп, біздің азаматтарымыздың негізделген сұрақтарын шешуге тиіс, дей келе, Мәжіліс Спикері:

-Заң шығару жұмысында біздің қандай бір іркіліске, тоқырауға жол беруге қақымыз жоқ. Біз Елбасының мемлекет пен ұлтты жаңғырту үдерістерін заңнамалық қамтамасыз ету жолындағы сенімді тірегіміз. Президенттік ауқымды бастамаларды жүзеге асыру, мемлекетті нығайту бағытындағы сапалы заңдық жұмыс - Мәңгілік елге апаратын сара жол,-деді.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы ел игілігі жолында бірлесіп атқарған жұмыстары үшін депутаттық корпусқа, парламенттік фракциялардың, Қазақстан Халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшелеріне, Аппарат қызметкерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өз алғысын білдіріп, жаңа жылда жаңа табыс тіледі. 

Мәжіліс алдағы уақытта да келер жылдың еншісінде тұрған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, парламенттік сайлау, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық сынды басқа да салмақты шараларды абыроймен атқару жолында аянбай еңбек етуге дайын.

Жыл қорытындысы барысында Мәжіліс Төрағасы келтірген санды мәліметтерге жүгінсек, 2015 жылы Мәжілісте 3 Палаталардың бірлескен отырысы, 38 жалпы отырыс, 5 үкіметтік сағат өтті. Ағымдағы жылы Мәжіліс қарауында 210 заң жобасы болды. Оның 158-і мақұлданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59 заңға артық. 2013-2014 жылдары депутаттар 10-14 заңға бастамашы болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 25-ке жетті.

2015 жылы екі мыңға жуық жұмыс топтарының отырысы және үш жүзден астам комитеттер отырысы өтті. Үкімет пен мемлекеттік органдар атына 159 депутаттық сауал жолданды.

Ал, бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.   Заң жобасында 7 кодекс пен 30 заңға қайталанатын және басы артық рұқсат беру құжаттарын жоюға, рұқсаттарды хабардар ету тәртібіне ауыстыруға және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Бұдан басқа, заң жобасында қауіпті қызмет түрлеріне берілетін рұқсаттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері шеңберінде регламенттелетін, рұқсат беру тәртібінен алып тастауға жатпайтын рұқсаттар нақтыланды.

Сондай-ақ бүгін Мәжіліс бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Олар: Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі келісімінің баптарын,  2003 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған Қырғызстанмен Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы үкіметаралық келісімге өзгерісті енгізу туралы хаттаманы, Халықаралық қайта құру және даму Банкімен Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы), Азия Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) ратификациялауға қатысты болады.

Сонымен қатар, жалпы отырыста  білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.  Бұл конвенция 1960 жылғы 14 желтоқсанда Парижде қабылданды.

Конвенциядағы «кемсітушілік» сөзі нәсілі, түр-түсі, жынысы, тілі, діні, саяси немесе өзге де нанымдары, ұлттық немесе әлеуметтік тегі, экономикалық жағдайы немесе туу белгілері бойынша кез келген айырмашылықты, жоққа шығаруды, шектеуді немесе артықшылық беруді қамтиды, оның мақсаты немесе салдары білім беру саласындағы
қарым-қатынас теңдігін жою немесе бұзу болып табылады. Қажет болса, оқушыларды оқу орындарына қабылдаған кезде кез келген кемсітушілікті жою үшін заңнамалық тәртіппен қажетті шаралар қабылдауға болады.

Осы күні Палата Ресеймен 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Сарышаған сынақ полигонын сондай-ақ, Қазақстан аумағына орналасқан Ресей Федерациясының 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объектілері мен жауынгерлік алаңдарын жалдау туралы шарттарға өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттамаларды, сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы 20 қаңтардағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің (объектілері мен ұрыс алаңдары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан) 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын пайдалану тәртібі туралы және Сары-Шаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету туралы келісімдерге түзетулерге қатысты хаттамаларды ратификациялауға байланысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы Парламентаралық Ассамблея мен оның органдарының қызметіне белсене араласып, ТМД мүше-мемлекеттер халықтары арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар депутаттар мен азаматтарға  Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Парламентаралық Ассамблеяларының  арнайы наградаларын табыс етті. 

Мәжіліс депутаттары В. Косарев, В. Бишимбаев «Достастық» орденімен,  Ж. Әлиев, Н. Жазылбеков, В. Киянский, Ү. Медеуов «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалімен,  Т. Ибраев, С. Нұрғисаев, С. Оразов, Н. Нестерова, Қ. Қаракен, А. Нуркина ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Ж. Жарасов ҰҚШҰ ПА Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ал Аппарат қызметкерлері С. Қасымовқа  «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалі, А. Тұрарбековке ҰҚШҰ ПА Құрмет грамотасы, А. Сахариеваға ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

        

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі