Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.04.2016

МӘЖІЛІС СПИКЕРІ ӘРІПТЕСТЕРІН ЗАҢ ШЫҒАРУ ІСІНЕ БЕЛСЕНЕ КРІСУГЕ ШАҚЫРДЫ


МӘЖІЛІС СПИКЕРІ ӘРІПТЕСТЕРІН ЗАҢ ШЫҒАРУ ІСІНЕ БЕЛСЕНЕ КРІСУГЕ ШАҚЫРДЫ

 

 Астана. 6-сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің 6-шы шақырылымы заң шығару жұмысына толығымен кірісіп, Палата өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын қабылдады.

Осыған орай Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетов жалпы отырыста Елбасымыз жүктеген міндеттерді алға тарта келіп, осы шақырылым депутаттарына елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді, жүзеге асырылып жатқан Ұлт жоспарын одан әрі заңнамалық қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктеліп отырғанын айтты.

Мәселен, Палата бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, бәсекелестік, электроэнергетика және мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіріп,  жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттері мен меншігін тиімді басқаруын заңнамалық қамтамасыз етуі қажет.  

Үкіметтің 2016 жылғы жоспарына сәйкес бұл заң жобалары Мәжілістің қарауына күзде келуі тиіс.

-Бірақ оны күтпестен, аталған заң жобаларын сапалы дайындау мақсатында Үкімет құрған 5 жұмыс тобының құрамына біздің депутаттар кіріп, жұмыстарын бастап кетті. Одан басқа қазір Мәжіліс қоржынында 20 заң жобасы бар. Айта кету керек, оның бесеуін депутаттар  дайындаған,-деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы.

Әріптестерін барлық ұйымдастырушылық мәселелерді шұғыл түрде шешіп, нақты заңшығару процесіне белсене араласуға шақырған Бақтықожа Ізмұхамбетов:

-Барлық парламенттік фракциялар мен депутаттық топтар Үкімет және қоғаммен бірлесіп, жедел, кәсіби және ашық жұмыс істеп, сапалы заңдар қабылдауымыз қажет. Оған үш саяси партия және Ассамблея өкілдерінен тұратын Мәжіліс құрамының білімі, күш-жігері, жинақталған  тәжірибесі, жауапкершілігі жеткілікті деген сенімдемін,-деді.    

Бүгін сонымен қатар, бірқатар ратификациялық құжаттар жұмысқа қабылданып, қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды. Олар: Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қазақстанда офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы, сонымен қатар, Македониямен  инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімдерді ратификациялау.

Сондай-ақ, азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру туралы қаулы қабылданды. 

Бұл заң жобасында үлестік меншікті иелену, пайдалану және оған билік ету мәселелерінде азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті белгіленген тәртіппен бөліп шығару мүмкін болмаған жағдайда, соттың оны жария саудаға салып сату туралы шешім қабылдауы бойынша императивті норма белгілеу қарастырылған.   

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

         

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі