Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.04.2016

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕО ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ Т. ХРИСТЕАМЕН КЕЗДЕСТІ


МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕО ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ Т. ХРИСТЕАМЕН КЕЗДЕСТІ

 

                 Астана. 15-сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің басшысы Траян Христеаны қабылдады.  

Мәртебелі мейман Б. Ізмұхамбетовті Мәжіліс Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, өте жауапты жұмыста табыс тіледі.

Палата Спикері атап өткендей,  Еуропалық одақпен әріптестік байланысты кеңейту әрі тереңдету біздің еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана Брюссельге іс-сапармен барып қайтқаны дәлел бола алады.

Кездесу иелері Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қол қойылған Кеңейтілген ынтымақтастық пен әріптестік туралы келісімді сөз етті. Аталған құжат Парламент Сенатында ратификацияланып, ағымдағы жылы 25-наурызда Президенттің қолы қойылды. Тараптар бұл келісімнің Қазақстан мен ЕО халықтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сонымен қатар, екіжақты және көптармақты байланыстарын нығайтуға ерекше серпін беретініне сенімді.

Б. Ізмұхамбетов сауда-экономикалық байланысты сөз ете келіп, Еуроодақ Қазастанның ірі сауда және инвестициялық әріптесі екенін айтты. Мәселен, 2015 жылы Еуродақпен сыртқы сауда 31 млрд АҚШ долларын құраған. Соңғы 10 жылда қос тарап арасындағы тауар айналымы 13 мәрте, ал еуропалық инвестиция көлемі 10 мәрте өскен.

Мәжіліс Төрағасы шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан ұсынып отырған қосымша ынталандыру шараларына тоқталды. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Еуропалық одақпен визалық режимді оңайлатудың өзектілігін алға тартып, өкілдік басшысын қолдау көрсетуге шақырды.

 Палата Спикері елшіні Мәжілістің жаңа құрамымен таныстыра келіп, Қазақстан Президентінің 5 институционалды реформасын заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

Мәжіліс еуропалық әріптестерімен қайтадан құрылған «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» парламенттік ынтымақтастық комитеті аясында ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын. Сондай-ақ бүгін Бюро отырысында мүдделі мемлекеттермен, соның ішінде еуропалық елдер парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі топтардың жаңа құрамы бекітілді.

Өз кезегінде Т. Христеа екі тараптың ықпалдастық келісімдерін жүзеге асыруға белсене араласатынын атап өтті.

Б. Ізмұхембетов әңгіме барысында 22-наурызда Брюсселде болған лаңкестік шабуылға байланысты көңіл айту білдіріп, бұл қатермен күресте Қазақстан Еуропалық елдерді толықтай қолдайтындығын жеткізді.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі