Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.04.2016

МӘЖІЛІС ЖАЙЫЛЫМ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАДЫ


МӘЖІЛІС ЖАЙЫЛЫМ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАДЫ

 

Астана. 20 сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті.  

Халық қалаулылары Македониямен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады.

Келісімге сәйкес әрбір Тарап өз аумағында екінші Тарап инвесторларының инвестициялары мен инвестицияларынан түскен кірістеріне инвестициялардың әділ және тең құқылы режимін, сондай-ақ олардың толық қорғалуын қамтамасыз етеді.

Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, Қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов атап өткендей, заң жобасы инвестициялық ахуалды жақсартуға, өзара сауда-экономикалық байланысты нағайтуға ықпал етеді. Бұл біздің елдегі инвестицияларды көтермелеуге және қорғауға арналған 49-шы құжат. Сондықтан аталған заң жобасын ратификациялау  Қазақстанға тағы бір мемлекеттен инвестиция тартуға ықпал етеді деп күтілуде. 

Бүгін сондай-ақ Мәжіліс депутаттары ел тұрғындары үшін маңызды саналатын «Жайылым туралы» заң жобасын ілеспе құжатпен жұмысқа қабылдады.

Тікелей Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы депутаттарының бастамашылығымен әзірленген заң жобасы ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығын дамыту және қайта жандандыру, жайылым жерлерді тиімді пайдалану бағытын көздейді.

Айта кетерлігі, бұған дейін жайылым жерлерді реттейтін ешбір заңдық құжат болмаған.

Бүгінгі күні республика көлемінде шамамен 188 млн гектар жайылым бар деп мөлшерленуде. Олардың 80 млн, яғни, 43 пайызға жуығы ғана пайдаланылады. Оның ішінде 27 млн гектар тозған және олардың басым бөлігі елді мекендерге жақын орналасқан жерлерге тиесілі. БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының дерегіне қарағанда одан келетін шығын жылына 1млрд долларды құрайды екен.

Жалпы отырыста сонымен қатар, Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыру бойынша бірінші кредит) ратификациялауға арналған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

 

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі