Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.04.2016

«ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ» ДЕЙДІ ХАЛЫҚ


«ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ» ДЕЙДІ ХАЛЫҚ

 

Астана, 27  сәуір, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Бахытбек Смағұл Қазақстан Республикасының  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке  депутаттық сауал жолдады.

 

«Тіл тағдыры – ел тағдыры» дейді халық даналығы. Әсіресе, тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтіп жатқан жас Қазақстан үшін тіл мәселесі мемлекеттің болашағымен, елдің елдігімен ұштасып жатқан маңызды мәселе. Сондықтан да біз тілдің тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Бұл ретте мемлекет елдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтай отырып, мемлекеттік тілдің толыққанды дамуына ықпал ететін саясатты іске асыруға мүдделі.

Қазіргі уақытта ағылшын тілін білу – заман талабы екені анық. Сол арқылы азаматтарымыз ғылым мен технологияның барлық салалары бойынша әлемдегі озық ілім-білімді, жаңалықтарды дер уақытында игеріп, оларды халқымыздың игілігіне жаратады. Мемлекетіміз дүниедегі дамыған отыз елдің қатарына кіруі үшін де бізге көптілді мамандар қажет.

Бірақ сонымен бірге тәуелсіздігіміздің нышаны – мемлекеттік тіл де қанатын кеңге жайып, өрістей беруге тиіс. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында. Демек, қазақ тілі – болашақтың тілі.

 

Осы айтылғандарды ескере келе, құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы, сізден келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын:

Біріншіден, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларының бірі – 2020 жылға қарай мектеп бітірушілердің 100% мемлекеттік тілді меңгеріп шығуы болып табылады. Аталған бағдарламаны іске асырудың екінші кезеңі аяқталуға таяу. Осы уақыт ішінде бұл жоспар қаншалықты орындалды?

Екіншіден, жексенбі, 24 сәуірде «Астана» телеарнасына берген сұхбатыңызда сіз: «Үштілділіктің негізгі мәні – Қазақстан халқының бірінші кезекте қазақ тілін меңгеруі. Себебі, орыстілді мектептерді бітіріп шыққан түлектер мемлекеттік тілде сөйлемейді. Сондықтан біз 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орыс тілді мектептердегі қазақ тілін оқыту методологиясын елеулі түрде өзгертуді бастамақпыз» дедіңіз. Бұл бағытта қандай өзгерістер болмақ?

Үшіншіден, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 11-ші, артынша 10-шы сынып оқушыларына математика, жаратылыстану пәндерінің бірін немесе бірнешеуін ағылшын тілінде оқыту жаппай қолға алынатынға ұқсайды. Осы мақсатта еліміздегі 7,5 мыңдай мектептер кітапханаларының барлығы бірдей үш тілді ресурстармен, ағылшын тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етілген бе? Тілдерді терең меңгерген мұғалімдер даярлау мәселесі қалай шешілген?

Төртіншіден, ауылдағы білім ордаларында маман тапшы екені мәлім. Ал бұларда балаларды ағылшынша оқытатын мұғалімдерді табу одан да қиын. Бұл мәселе ауылдағы мектеп бітірушілерінің математика-жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерінің төмендеуіне соқтырмай ма?

Пәндерді үш тілде сапалы оқытатын білікті ұстаздар ауылға баруы үшін оларды ынталандыру, көтермелеу жолдары қарастырылуы керек!

Бесіншіден, мамандардың айтуынша, бүгінде білімнің іргетасы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қаланады. Ендеше тек мемлекеттік қана емес, барлық жекеменшік балабақшаларда бүлдіршіндердің қазақ тілін меңгеруіне баса маңыз беру керек. Осылайша, жастарды мемлекеттік тілге баулу балабақшада бастау алып, ары қарай мектеп қабырғасында, жоғарғы оқу орындарында тереңдетіле жүзеге асырылғаны жөн. Осы арқылы біз 100% қазақ тілін меңгерген азаматтарды тәрбиелейміз. Бұл мәселе қалай шешілуде?

Мемлекеттік тіл – Елбасының 5 институттық реформасына сәйкес, «Болашағы Біртұтас Ұлтты» жасайтын, Қазақстан азаматтарының басын біріктіретін тұғырлы тіл. Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен қазақ тілінде сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді әлемдік деңгейге көтерді. Ендеше ана тілімізді озық қоғамның, заманның, ғаламның тілі ету – сіз бен біздің ортақ парызымыз.

Ассамблеяның XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды. Оны орындау мақсатында оқушылар арасында үш тілді, соның ішінде қазақ тілін білуді культке айналдыру керек. Жас ұрпақ тілді білетінін мақтаныш тұтқанда ғана мемлекеттік тіл дамиды.-, деді депутат.

 

  

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01.

` Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі