Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.04.2016

МӘЖІЛІС БІРҚАТАР РАТИФИКАЦИЯЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАДЫ


МӘЖІЛІС БІРҚАТАР РАТИФИКАЦИЯЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАДЫ

 

Астана. 27 сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті.  

Халық қалаулылары 2006 жылғы 15 тамыздағы Ресей мен Қазақстан аумағында орналасқан қос мемлекеттің темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы үкіметаралық келісімдерге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

2012 жылы Павлодарда жасалған хаттама арқылы бұрынғы келісімге жүктерді тасымалдау кезінде келісілген тарифтік саясатты жүргізуге және тарифтерді есептеуді екіұдай түсінуге жол бермейтін өзгерістер енгізілген.

Атап айтар болсақ, Келісімнен ресейлік теміржолдың Озинки, Ақсарай-ІІ, Құлынды, Золотая Сопка түйісу пункттерінен жүктерді тасымалдау кезінде қазақстандық теміржолда және қазақстандық теміржолдың Никельтау, Тобыл, Пресногорьков, Қызыл ту түйісу пункттерінен жүктерді тасымалдау кезінде ресейлік теміржолда тасымалдау төлемдерін төлеу тәртібін регламенттейтін баптар алынып тасталған.  Бұл Қазақстан мен Ресейдің меншік құқығы танылатын темір жол учаскелерінің тізбесіне енгізілген өзгерістерге байланысты болып отыр.

  Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс Сауд Арабиясы Корольдігімен  табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы, сондай-ақ,  Ресеймен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Осы күні Мәжіліс Конституциялық Кеңес мүшесі  Ілияс Бақтыбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы, сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ұсынысы бойынша Асхат Дауылбаевты Конституциялық Кеңестің мүшесі қызметіне тағайындау туралы қаулы қабылдады.

Осыған дейін А. Дауылбаев еліміздің Бас прокуроры қызметін атқарған болатын.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі