Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.04.2016

КӨК БАЙРАҚТЫ АСҚАҚТАТА КӨТЕРЕЙІК <br> (ҚХА депутаттық тобының үндеуі)


КӨК БАЙРАҚТЫ АСҚАҚТАТА КӨТЕРЕЙІК

(ҚХА депутаттық тобының үндеуі)

 

 

Астана, 27 сәуір. Мәжіліс Үйі.

 

Бүгін Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының кезекті отырысы болды.

Депутаттық топ Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма төртінші сессиясының қорытындылары мен  алдағы атқарылар мақсаттарын талқылады.

Өткен сессия жайында баяндап өткен депутаттық топ жетекшісі Сауытбек Абдрахманов: Бүгінгі отырысымыздың күн тәртібінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы XXIV сессиясының қорытындылары туралы» мәселенің қаралуы бекер емес. Күні кеше, біз, Ассамблея үшін тарихи күннің куәсі болдық. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблеяның алдында үлкен міндеттер қойды»,- деп бастады отырысты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІV  сессиясы «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» аталғанын атап өтті. Бүгінгі күні қауіпсіздік пен тұрақтылықтың өзекті мәселе екендігіне тоқталды. Елбасының арқасында Қазақстан әлем алдында құрмет пен абыройға бөленіп отыр. Бұл сөздердің дәлелділігін біз Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитінде Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Әлем.XXI ғасыр» Манифестінен көрдік.

ҚХА депутаттық тобының жетекшісі, кеше Мемлекет Басшысы жиналған халық алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ең құнды байлықтарының бірі екендігін айырықша атап өткеніне тоқталды.

Сонымен қатар сессияда «Мәңгілік Ел» – Патриоттық Актісі қабылданды. Қазақстан Президенті қабылданған Акті – жалпыхалықтық мұраттың құжаттағы үлгісі деп атап өтті.

«Мәңгілік Елдің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан».

«Біз, байырғы қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жад арқылы байланысқан, Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан азаматтары, көптеген ұрпақтың Тәуелсіздік туралы арманын іске асырып, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымызды, бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын сезініп, қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында осы

Мәңгілік Ел – патриоттық актісін қабылдаймыз»,- деді Президент.

Басқосуда Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко сөз алып, кешегі өткен ҚХА сессиясындағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нақтылаған бағыттарының негізі жайында айтып өтті. Қабылданған Патриоттық Актідегі қалыптастырылған ұлттық идеяларды парламентшілер халыққа жеткізуі қажеттігін қадап айтты. Сол мақсатта және Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша бес депутаттық жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Депутаттық топ мүшелері пікір алмаса келіп өз топтарының құрамын және жетекшілерін бекітті.

Топтың алдағы мақсаттары жайында Қуаныш Сұлтанов, Галина Баймаханова, Меруерт Қазбекова және Ахмет Мурадов өз ойларын ортаға салды.

Талқылаудың қорытындысы нәтижесінде депутаттық топ :

Парламент Мәжілісіндегі  Қазақстан халқы Ассамблеясы

депутаттық тобының үндеуі

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы тарихи маңызы бар құжат болып табылатын «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісін қабылдады. Бұл құжат көпэтносты және көпконфессиялы қазақстандық қоғамның ұйысуының идеологиялық негізін қалайды.

Қай заманда да барлық елдер мен халықтар өзінің аяулы арманына қол жеткізуге ұмтылып келген. Осы ұмтылыста ұлттық сана-сезімнің жүйеленген жинақтамасы болып табылатын ұлттық идея түпбейне ретінде анықталатын. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты мемлекетке айналуының бір сыры халықтың тарихи миссиясы мен өмір сүруінің мәні жайындағы мәңгілік әрі көкейкесті сұрақтарға жауап қайтара алатын идеяны жаңылыссыз таба білгендігінде. Елбасымыз – бүкіл әлем таныған саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, ортақ идеямен қуаттанған, ортақ мақсатқа біріккен халықтың жаппай және шынайы қолдауының арқасында біз тәуелсіздік тарихының ширек ғасыры ішінде аса ауқымды табыстарға қол жеткіздік.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: біртұтас мақсат, біртұтас мүдде, біртұтас болашақ» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы алға тартылған болатын. Бұл идеяны бүкіл қоғам қазақстандық біртектілік пен бірлікті, қоғамдық келісімді қалыптастыратын құндылықтар жүйесі ретінде қабыл алды. «Мәңгілік Ел» идеясын жалпыұлттық келісімнің бірегей моделі ретінде ұсына отырып, оның авторы және архитекторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудың өзекті бағыттарын белгілеп берді. «Біз «Мәңгілік Ел»  жалпыұлттық идеясына ие болдық. «ЕЛ» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді. «Мәңгілік Ел» идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан. Жасампаз қазақстандық патриотизмнің осынау негізін біз өзіміздің ұлы істерімізбен қалыптастырдық. Оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұластырып отыру керек. «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің тарихи және рухани күші де осыдан танылуы тиіс» – Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осылай айтылған.

2016 жылғы 1 қаңтарда «5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» аталған Ұлт Жоспарын орындаудың іс жүзіндегі кезеңі басталғаны, оның 85-ші қадамы ретінде Президент «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісін жасауды тапсырғаны белгілі. Мемлекет басшысы осынау аса маңызды жұмысты Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеді. Екі жылдың өн бойында бүкіл Қазақстан халқын біріктіріп, жұмылдыра түсетін жалпыұлттық идеяны тұжырымдауға тиісті ортақ құжатты қалыптастыру жөнінде қажымай-талмай жұмыс жүргізілді. Бұл идея барлық деңгейде талқыланды, құжаттың жобасы Қазақстан патриоттарының форумында қаралып, қолдау тапты. Ол қазірдің өзінде мәдени және ішкі саясат саласындағы бірқатар стратегиялық құжаттарды талдап-жасау кезінде негізге алынды, олардың арасында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан халқы Ассамблеясы дамуының (2025 жылға дейін) тұжырымдамасы, Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытудың тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасындағы мәдениет саясатының тұжырымдамасы бар.

Бүгінде біз барынша қанағат сезімімен мына жайды айта аламыз: Президент  тапсырмасы орындалды.

Ел Президентінің «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан Халықтың Мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы» деген сөздерімен басталатын Патриоттық Акт байырғы қазақ жерінде ортақ тағдыр мен тарихи жады арқылы байланысқан, Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырып, көптеген ұрпақтардың Тәуелсіздікті аңсаған арманын іске асырып жатқан, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызын, біздің ортақ үйіміздегі татулық пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың мән-маңызын пайымдайтын ел азаматтарының көкірегінде аялаған ойларын білдіреді.

«Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен жаңа Қазақстанның тарихын жазудың биік мәртебесі мен жауапкершілігі біздің ұрпақтың үлесіне тиді.

Елбасының маңына топтасу арқылы біз ұлы жетістіктерге толы жолдан өттік және бүгінде өзімізді Тәуелсіз Қазақстанның – қуатты әрі табысты мемлекеттің азаматымыз деп мақтанышпен айтамыз» – Патриоттық Актінің осынау сөздері біздің барлығымызға Болашағы Біртұтас Ел – Мәңгілік Елді құру үшін зор жауапкершілік жүктейді.

Патриоттық Акт барша қазақстандықтарды Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырады, олар: Тәуелсіздік және Астана, Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, Зайырлы Мемлекет және Жоғары Руханият, Инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық Өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы, Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Патриоттық Актінің қабылдануы қазақстандық қоғамның тұтастануына, біздің бірлігіміздің нығаюына септесуге тиісті екендігіне талас жоқ. Бұл құжат жалпыұлттық біртектілік идеясын нақтылауды және оны алға жылжытудың тетіктерін талдап-жасауды көздейді. «Біртектілік пен бірлік жөніндегі барша жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясының төңірегіне орайластырып құрамыз. Бұл түйінді қағидат», деп атап айтқан еді Президент  Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл тұрғыдан қарағанда біздің бәріміздің алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соның ішінде Парламент Мәжілісіндегі барлық партиялық фракциялардың басын қосып, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан барша этностардың тең құқықтығының, бірлігінің  және келісімінің бірегей жолын таңдаған қазақстандықтардың сан ұрпағының игілігі үшін партияаралық үнқатысудың өзіндік бір алаңқайына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының атқарар жұмысы да жеткілікті. Депутаттық топ Патриоттық Актіні насихаттауға барынша септесетін болады.

Жаһандық тұрақсыздықтың қазіргідей күрделі кезеңінде біз барлық отандастарымызды ел Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне бұрынғыдан да тығызырақ топтасуға, Отанымыздың көк байрағын асқақтата көтеруге, қазақстандық арманға қол жеткізуге, еліміздің – Қазақстан Республикасының одан әрі өркендеуіне жаңа мүмкіндіктер ашатын «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісін жүзеге асыруға барынша белсене қатысуға шақырамыз.

Үндеу Парламент Мәжілісіндегі  Қазақстан халқы Ассамблеясы

депутаттық тобының отырысында қабылданды.

2016 жылғы 27 сәуір.»,- деп .... Үндеу қабылдады.

 

 

***

Осы отырыста  депутаттық топтың алтыншы шақырылымның бірінші сессиясындағы жұмыс жоспары жайында топ хатшысы, депутат Наталья Жұмаділдаева таныстырды. Оның ақпараттарын тыңдаған депутаттық топ Палатаның вице-спикері Владимир Божконың ұсынысын есепке ала отырып өздерінің жұмыс жоспарларын бекітті.

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі