Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.04.2016

МӘЖІЛІСКЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТІЛ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАР КЕЛДІ


МӘЖІЛІСКЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТІЛ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАР КЕЛДІ

Астана, 28 сәуір.Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ тілінен өткізілетін «Жарқын болашақ» атты халықаралық олимпиадаға қатысушылармен кездесті.

Мәжіліске келген меймандар 15 елден келіпті. Орта және Орталық Азия, Африка, АҚШ, Оңтүстік Еуропа, сонымен бірге Филиппин мен Индия елдерінің өкілдері  де болды. Олар қазақ тілінде «Үш Қоңырды» шырқап өнерлерін ортаға салды. Мәжіліс ғимаратын тамашалап, өз елдерінің символы болып табылатын сыйлықтарды Мәжілістің мұражайына тарту етті.

 «Жарқын болашақ» олимпиадасын өткізудегі басты мақсат – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шығармашылық қабілетін көрсету арқылы Қазақстанның «жарқын болашағын» үшін аянбай қызмет ететін қабілетті жастарға қолдау көрсету болып табылады.

 «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тарту ретінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте отырып, оны дамытуға бағытталған «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасын халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.

Осы жылы да 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, әлемнің 25 елінен жасөспірімдерді шақырып, өз тілдерімен қатар қазақ тілінен де білім, дағды мен шеберліктерін көрсетулеріне мүмкіндік жасап отыр. Сондай-ақ, еліміздегі ЖОО-ның білім гранттарына ие болған шет елден келген бірқатар қандастарымызға, өз ата жұртында білім алуларына қолдау көрсету де мақсаттарында бар екен.

Сонымен қатар, республикамыз үшін ең маңызды ұлттық жоба – «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізуге баршаның жұмыла кірісіп отырғаны белгілі, соған байланысты, осы бүкіләлемдік көрмені жарнамалауға да жоғарыда аталған іс-шараның тигізер септігі зор деп білеміз.

               

 

***

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалі 30 сәуір күні «Қазақстан орталық концерт залында» өткізілмекші.

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі