Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.04.2016

МӘЖІЛІСТІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ: ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ НЕГІЗІ ТИІМДІ КӨЛІК-ЛОГИСТИКА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ҚҰРУ


 

МӘЖІЛІСТІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ: ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ДАМУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ НЕГІЗІ ТИІМДІ КӨЛІК-ЛОГИСТИКА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ҚҰРУ

 

 Астана. 28-сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінде көшпелі отырыс өткізді. Отырысқа аталған комитет төрағасы Роман Скляр басшылық етті.  

Онда Қазақстан экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі бағыты ретінде тиімді көлік-логистика инфрақұрылымын құру мәселесі әңгіме өзегіне айналды.

Айта кетейік, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуда ең алдымен көлік-логистика саласын жолға қоюға айрықша назар аударылған.

Талқыланатын тақырыптың маңыздылығын негізге алған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко көшпелі отырысқа өзі қатысып, өзекті мәселелерді қозғады.  

Мәжіліс Төрағасының орынбасары «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын заңнамалық қолдау тұрғысынан атқарылған жұмыстарды сөз ете келіп, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, көліктік логистика және әуе тасымалына қатысты қабылданған заңдардың басымдықтарына тоқталды. Сондай-ақ, В. Божко ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап кәсіпкерлік қызмет пен іскерлік белсенділікті арттыру, аймақтардың экономикалық өсімін ынталандыру, еңбекпен қамту, соның ішінде, көлік және логистика саласын нығайтуға арналған заңдық құжаттарды айта келіп:

-бұл заңнамалық нормалардың барлығы көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыруға отандық өндірушілер мен тұрғындарды кеңінен тартуға жол ашады. «Нұрлы жол» бағдарламасында атап көрсетілгендей, көлік-логистика инфрақұрылымы еліміз өңірлері арасындағы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруда, сондай-ақ, қазақстандық тауарды әлемдік нарыққа экспорттауда негізгі жетекші құрал болу керек,-деді.

Одан әрі Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, осы салада атқарылған жұмыстар мен алға қойылған мақсаттар жайында әңгімеледі.

Талқылау барысында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мүшелері еліміз өңірлеріндегі жолдардың адам төзгісіз жағдайына қатысты арнайы әзірленген бейне таспаны көрсете отырып, министрлік өкілдерінен нақты жауап алды.  

Шараға Мәжіліс депутаттарымен қатар, Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің, «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы», «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.

Ақпарат үшін айта кететін болсақ, өткен жылдарда осы бағыт бойынша елімізде «ТРАСЕКА» (Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізі) трансконтиненттік дәлізінің қазақстандық учаскесі – Достық/Қорғас – Алматы – Ақтау,  Қазақстанның қатысуымен (Ақтау теңіз порты – Ресейдің Орал өңірлері және Ақтау – Атырау, сондай-ақ Өзен – Берекет (Түрікменстан) – Горган (Иран) жаңа теміржол желісі) Ресей мен Иран арқылы Парсы шығанағы елдерінен Солтүстік Еуропаға өтетін «СОЛТҮСТІК – ОҢТҮСТІК» трансконтиненттік дәлізі, Трансазиялық теміржол магистралі (ТАТМ) орталық дәлізінің қазақстандық учаскесі (Сарыағаш – Арыс – Қандыағаш – Озинки), оның ішінде оның Солтүстік және Оңтүстік дәліздері сынды маңызды жобалар тиімді іске асырылған.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі