Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.05.2016

МӘЖІЛІС СПИКЕРІ САНКТ-ПЕТЕРБОРДА МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ОДАҚ ТӨРАҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ


МӘЖІЛІС СПИКЕРІ САНКТ-ПЕТЕРБОРДА МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ОДАҚ ТӨРАҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Астана, 19 мамыр, Мәжіліс үйі. Санкт-Петербор қаласында ТМД ПАА шаралары аясында Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекеттік Дума Спикері Сергей Нарышкинмен және Парламентаралық одақ төрағасы Сабер Чоудхуримен келіссөздер жүргізді.  

Б. Ізмұхамбетов пен С. Нарышкин парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестік қарым-қатынасында маңызды орынға ие екенін айта келіп, одан әрі нығаюына сенім білдірді. Тараптар сондай-ақ, Қазақстанда өткен және алдағы уақытта Ресейде болатын парламенттік сайлау компаниялары жөнінде әңгіме өрбітті.

Парламентаралық өзара іс-қимылды күшейту тақырыбы Мәжіліс Төрағасының Парламентаралық одақ төрағасы Сабер Чоудхуримен кездесуінде жалғасты.

Осы ретте кездесу иелері ядролық қарусыздану жағдайына, осы мәселеде Қазақстан мен біздің Елбасының рөліне айрықша назар аударды.  

Б. Ізмұхамбетов С. Чоудхуриді Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналған, ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланып отырған халықаралық конференцияға қатысуға шақырды. Өз кезегінде Парламентаралық Одақ төрағасы шақыруды қабылдай отырып:  

-  Сіздердің Президенттеріңізге ядролық қарудан бас тарту туралы қабылдаған батыл шешіміне үшін шексіз ықыласымды білдіргім келеді.  Ядролық қарусыздану саласында атқарылып жатқан жұмыстарда Қазақстанды айрықша үлгі тұтуға болады. Алдағы уақытта біздің әріптестігіміз бұрынғыдан да арта түсетініне сенеміз. Сіздердің елдеріңіз басқа мемлекеттерге де ядролық қарудан бас тарту үшін үлгі болатыны шүбәсіз,-деді.  

С. Чоудхури сондай-ақ, Қазақстанның түрлі парламентаралық құрылымдардағы іс-тәжірибесі өз елдерге де пайдалы болатынына сенім білдірді.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі