Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.05.2016

ЕЛДЕГІЛЕР «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАЦИЯСЫ ТУРАЛЫ» ЖАҢА ЗАҢНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫНАН МҮЛДЕ БЕЙХАБАР ЕКЕН


ЕЛДЕГІЛЕР «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАЦИЯСЫ ТУРАЛЫ» ЖАҢА ЗАҢНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫНАН МҮЛДЕ БЕЙХАБАР ЕКЕН

 

Астана, 25 мамыр, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Айқын Қоңыров Қазақстан Республикасының  Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке  депутаттық сауал жолдады.

 

«Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандық жол-2050» атты  Жолдауында белгіленген тапсырмалар аясында шаруаларды кооперациялау үдерісіне тосқауыл болатын кедергілерді жою үшін  және Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңының  жүзеге асырылуын бақылау мақсатында кеңейтілген отырыс өткізді.

Ауылдағы кооперация мәселесіне қатысты Ауыл шаруашылығы вице-министрінің баяндамасын тыңдаған депутаттар баяндаманы атүсті жасалған және жергілікті жерлердегі жағдайды нақты көрсетпейді деп бағалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ілкі кооперативтерді қолдау үшін біріккен жұмыс тобын құрғанына қарамастан, ауыл азаматтары кооперацияның артықшылығы мен мүмкіндігі жайлы аз  ақпараттандырылған. Жергілікті жерлерге барған кезде депутаттар жеке шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл шаруашылығы өнімдерін  өндіру және өңдеу саласындағы ЖШС  директорлары «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа Заңның басымдықтарынан мүлде бейхабар екенін анықтады. Комитет отырысында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрағалары ауылдағы кооперацияны дамытуға және ұйымдастыруға кедергі келтіріп отырған мәселелерді ортаға салды.

Депутаттар мен қатысушылардың баяндамаларына талдау жасай келе, ауылдағы кооперация үдерісіне кедергі болып тұрған тосқауылдарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне:

1.        Мұндай ұйымда мүшелігін тоқтатқан жағдайда ауыл шаруашылығы кооперативіне пай ретінде енгізілген жер учаскелерін шартсыз қайтару мүмкіндігін заңды түрде реттеу мәселесін пысықтауды;

2.        Агралық ғылымның әрі қарай дамуы және озық агротехнологияларды енгізу  мақсатында ауыл шаруашылығы өндірісінде негізгі қызметі елдің агроөндіріс кешенінің инновациялық дамуына үлес қосу болып табылатын «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» АҚ ресурстарын белсенді түрде қолдануды тапсыруды ұсынамыз.

3.        Ұлттық экономика және қаржы министрлігімен бірлесе отырып мына сұрақтарды қарастыру қажет:

1) арнайы салық режимі аясында қызмет жасау үшін  ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жерді пайдалану құқығы мен  жер учаскесінің меншік құқығын растау туралы  салық заңнамасының талабын алып тастау;

2)  өз мүшелері үшін жұмыс (қызмет) орындау (көрсету) бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызмет түрін сонымен қатар арнайы салық режимі аясында өз мүшелеріне ауыл шаруашылығы кооперативі сатып алатын тауар тізімін кеңейту;

4. Жергілікті атқарушы органдармен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің салалық бірлестіктерімен бірлесе отырып:

1)     «Ауыл шаруашылығы кооперативі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелерін және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кооперативтерге бірігуінің басымдықтарын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстарды  күшейту;

2)     Ілкі кооперативтерді құру бойынша жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі