Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.05.2016

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ «ЖАЙЫЛЫМДАР ТУРАЛЫ» ЖӘНЕ ОҒАН ЛЕСПЕ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ.


МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ «ЖАЙЫЛЫМДАР ТУРАЛЫ» ЖӘНЕ ОҒАН ЛЕСПЕ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ.

 

 Астана. 26-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобаларының тұсаукесер рәсімін өткізді.  

                Бұл заң жобасы Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Зағипа Балиева, Асқар Базарбаев, Сергей Дьяченко, Жексенбай Дүйсебаев, Дулат Құсдәулетовтің бастамашылығымен әзірленген болатын.

Заң жобасының тұсаукесеріне Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Сапархан Омаров төрағалық етіп, аталған комитет хатшысы Жексенбай Дүйсебаев баяндама жасады. «Жайылымдар туралы» заңды әсіресе, ауыл тұрғындарының  күтіп отырғанын еске салған депутат еліміз ұлан байтақ  жерді иеленіп отырса да, «ауыл халқының мал жаятын жері болмай отыр»  деген сөздің қисынсыздығына дәлел келтірді.

Айтуынша, бүгінде елімізде жылына 11 миллионға жуық шартты мал басы жайылымға шығарылып отырылады, ал бір мал басының тәуліктік азығы 35 килограмды құрайды. Егерде жайылым уақыты 180 күнге тең болған жағдайда, бір мал басына шаққанда 6,3 тонна шөп азығы керек екен.

        -Ал, біздердің бүгінгі көрсеткіштеріміз 4,6 тоннадан аспайды немесе бір мал басына шаққандағы шөп азығының дефициті 30 пайызды құрап отыр.  Міне осының салдарынан бүгінде еліміздегі мал шаруашылығы өнімдері өспей келе жатыр,-деді Ж. Дүйсебаев.

Бұл құжат отандық мал шаруашылығын дәстүрлі түрде жүргізу үшін жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және қайта жандандыру қажеттігілігін қамтамасыз етіп, жайылымдар инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылымдық жерлердің тозу процестерінің алдын алуға және қоршаған ортадағы жайылымдық экожүйелердің экологиялық тұтастығын сақтауға, сондай-ақ Қазақстан ет пен ет-сүт өнімдерін өндіру саласында жаһандық ойыншы бола алатындай, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға бағытталады.   

Заң жобасы аясында уәкілетті органның және жергілікті өзін-өзі басқару органының  жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі құзыретін айқындау, жайылымдарды аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдық елді мекендердің және шалғайдағы жайылымның шегінде, шегінен тыс беру және пайдалану тәртібі айқындалып, жайылымдарды ұтымды пайдалануды мемлекеттік реттеу сияқты мәселелер  қамтылады.

Айта кетейік, Республикада шамамен 188 млн. гектар жайылымдар бар, олардың 80 млн. гектары ғана пайдаланылады, бұл небәрі 43 %-ды құрайды. Бұл ретте, осы мөлшердің ішіндегі 27 млн. гектар жайылым тозған және олардың басым бөлігі елді мекендерге жақын орналасқан жерлерге тиесілі. БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының деректері бойынша бұдан келетін шығын жылына 1 млрд. долларды құрайды.

Елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерде мал санының тым көп болуы олардың тозуына себеп болады. Сондай-ақ, инфрақұрылымның болмауынан, бірінші кезекте алыс жерлердегі жайылымдарда суландырудың болмауына  байланысты, шалғайдағы мал шаруашылығының тиімсіз пайдаланылуы, бұл оларды мал жаю үшін пайдалануға қиындық туғызады.

Осы тұрғыда, республикада тұрақты жемшөп базасын құру үшін және экологиялық таза әрі арзан мал шаруашылығы өнімдерін алу үшін жеткілікті дәрежеде пайдаланылмай жатқан табиғи жайылымдық алқаптар әлеуетінің зор екені көрінеді. Көбінесе мұндай жағдай жайылымдарды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды нақты заңнамалық реттеудің болмауына байланысты. Жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі уәкілетті орган әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде айқындалмаған.

Бұл заң жобасы осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Таныстырылым барысында депутаттар тарапынан өзекті сұрақтар көтеріліп, маңызды ұсыныстар айтылды.

Мәжіліс депутаттары жұмысты одан әрі тиянақты жалғастырып, еліміздің түкпір-түкпірін аралап осы заң жобалары бойынша талқылауды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Таныстырылымға Ауылшаруашылығы, Ұлттық экономика, Энергетика, Әділет министрліктерінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

 

(74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі