Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.06.2016

МӘЖІЛІС ТӨЛЕМДЕР ЖӘНЕ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС ТӨЛЕМДЕР ЖӘНЕ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 1-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда халық қалаулылары  «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және оған леспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша заң жобасы арқылы төлемдер мен ақша аударымдары туралы нұсқауды орындау тәртібі мен әдістері ең үздік әлемдік практикаға сәйкес жетілдіріледі, сондай-ақ қазіргі заманғы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, төлемге бастама жасаудың жаңа әдістерін пайдалану мүмкіндігі енгізіледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің, тұрғын үй төлемдерінің, азаматтардың нотариус депозитіне аударылатын ақшасының есебінен банк шоты иесінің міндеттемелері бойынша берешекті өндіріп алуға шектеу белгілеу және тыйым салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, «төлем ұйымы» ұғымын енгізу, оларды Ұлттық Банкінде есептік тіркеу режимі, Қазақстанның төлем нарығында өз қызметін жүзеге асыратын жеке банктік емес төлем ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау енгізу, төлем агенттері мен қосалқы агенттерді тарту арқылы төлем қызметтерінің белгілі бір түрін көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Заң жобасы қабылданған жағдайда қолданыстағы «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Заңның күші жойылады де күтілуде. 

Қосымша баяндамашы Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Еспаева жұмыс тобына 180-нен астам ұсыныс келіп түскенін, олардың мүдделі министрліктер мен ведомстволар, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында және Комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланғанын, Мәжілістің барлық комитеттерінің оң қорытындыларын бергенін атап өтті.  

Ал, леспе құжатта негізгі заң жобасында белгіленетін талаптарды бұзғаны үшін төлем қызметтерін берушілердің әкімшілік  жауапкершілігін бекіту көзделген.

Осы күні  Мәжіліс депутаттары ТМД қатысушы-мемлекеттердің аумақтарында бірлескен жедел-тергеу топтарын құру тәртібі және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Бұл келісім 2015 жылғы 16 қазанда Бурабай кентінде жасалған.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атап өткеніндей,  онда қылмыстық істер бойынша   қылмыстарды ашу және    тергеп-тексеру үшін Тараптардың аумақтарында бірлескен жедел-тергеу топтарын құру, олардың қызметі және қызметін тоқтату мәселелері  реттеледі және бірлескен жедел-тергеу топтарының негізгі міндеттері айқындалған, Тараптардың ұлттық жедел-тергеу топтарын құру тәртібі, оларға қосылу және олардан шығу рәсімдері регламенттелген, сондай-ақ бірлескен жедел-тергеу тобы шеңберінде олардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі айқындалған.

Осы мәселе бойынша қосымша баяндаған Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаевтың айтуынша келісім ратификацияланған жағдайда оны іске асыру теріс әлеуметтік –экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ, республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі