Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.06.2016

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРЫМ- ҚАТЫНАС ТАЛҚЫЛАНДЫ


ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРЫМ- ҚАТЫНАС ТАЛҚЫЛАНДЫ

                Астана. 10-маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады.  

Тараптар қос мемлекет президенттерінің салиқалы саясатының арқасында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік жайына айрықша назар аударды.

Мәжіліс Төрағасы мейманды жыл сайын 12-маусымда аталып өтілетін Ресей күні мерекесімен құттықтай келіп, Ресей Федерациясы әркезде Қазақстанның  маңызды әріптесі әрі одақтасы және сенімді досы болып қала беретінін жеткізді.

Өз кезегінде елші кешегі жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты көңіл айту білдірді.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ақтөбеде орын алған аяусыз, қаскөй лаңкестік әрекетті айыптай келіп:   

-Бұл біздің жас мемлекетіміз үшін ащы сабақ болды. Қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық біздің көп ұлтты Қазақстанымыздың басты құндылықтары болып табылады. Елбасымыз, Үкімет, Парламент, басқа да құзырлы органдар алдағы уақытта мұндай жағдайдың алдын-алу үшін тиісті шараларды қолға алатыны сөзсіз,-деді.

Одан әрі тараптар қос мемлекет арасындағы халықаралық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық байланыс мәселелерін талқылады.

Кездесу иелері әлемдік экономикалық дағдарыс екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына өз салқынын тигізгенін, алайда, өткен жылдың қаңтар айынан іске кіріскен ЕАЭО біздің елдеріміздің ұлттық экономикасын тұрақтандыруда айрықша рөл атқарып келе жатқанын атап өтті.   

                Қазақстандық-ресейлік әріптестіктің барлық салада жан-жақты, табысты дамып келе жатқанын алға тартқан М. Бочарников 2017 жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толатынын еске салды.

Б. Ізмұхамбетов пен М. Бочарников парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Мемлекеттік Думасының арасында өзара іс-қимыл орнатылған. Палаталарымыз арасында ынтымақтастық туралы келісім бар. Депутаттар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында жемісті еңбек етуде.  

Мәжіліс Спикері атап өткендей, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенконың жуырдағы Қазақстанға сапары парламентаралық ынтымақтастықтың дамуына өзіндік серпін берген.

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі