Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.06.2016

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫ НЕГІЗІНДЕ ӘЗІРЛЕНГЕН ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ МӘЖІЛІСТЕ МАҚҰЛДАНЫП, СЕНАТҚА ЖОЛДАНДЫ


ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫ НЕГІЗІНДЕ ӘЗІРЛЕНГЕН ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ МӘЖІЛІСТЕ МАҚҰЛДАНЫП, СЕНАТҚА ЖОЛДАНДЫ

 

Астана. 15-мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда халық қалаулылары «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» заң жобасын бірінші және екінші оқылымда мақұлдады.

Бұл құжатты әзірлеуге тікелей Елбасының «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығы негіз болды.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің сөзіне сүйенсек, Президент Жарлығын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының кейбір нормаларының және Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысы тоқтатыла тұрады. Атап айтқанда, олар шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді уақытша жер пайдалану құқығын беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жеке меншік құқығын беруге байланысты нормалардың қолданысы тоқтатылады.

Бұл барлық құзырлы орган өкілдерімен келісілген. Қосымша шығынды талап етпейді.

Қосымша баяндамашы, Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Сергей Звольский заң жобасы бойынша жұмыс тобының 3 отырысы және Бас комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілгенін, Мәжілістің барлық комитеттері оң қорытындыларын бергенін алға тартты. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Рәсім бойынша сөз алған Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров аталған құжатты ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінде қабылдау қажеттілігін, заң жобасының жан-жақты талқыланғанын ескере отырып екінші оқылымда қарауды ұсынды.

Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті талқылаудан кейін екінші оқылымда мақұлдау туралы қаулы қабылданды.

Заң жобасы Сенатқа жолданды.   

Одан әрі депутаттар 1998 жылғы 6 шілдедегі Ресей Федерациясымен Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттама Қазақстан мен Федерациясының атынан уәкілетті ұйымдар арқылы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбіндегі кенді Қазақстан Республикасында «Құрманғазы» («Құлалы»), Ресей Федерациясында «Центральная» және «Хвалынское» кен орны құрылымдарында бірлесіп игеруге құқықтық негіздерді белгілейді.

«Центральная» құрылымында жер қойнауын пайдалану құқығын беру салық салу режимін қолдана отырып, 7 жыл мерзімге жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңімен 25 жыл мерзімге аукцион өткізбей жер қойнауын геологиялық зерттеу, пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін шегінде «Центральная» құрылымы орналасқан жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану, зерттеу кезеңі аяқталғаннан кейін кәсіпорынның жалпы салық салу режимін қолдана отырып, кәсіпорынға тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалануды жалғастыруға немесе Ресей Үкіметімен өнімді бөлу туралы келісім жасасу шарттарын көздейді.

Сонымен қатар, 3 ай ішінде бірлескен лицензия бойынша жүзеге асырылатын жер қойнауын геологиялық зерттеу, пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін аукцион өткізбей пайдалануға берілетін жер қойнауы учаскесін пайдаланғаны үшін Ресейдің заңнамасында белгіленген біржолғы төлем төлеуі нақтыланады.

Жалпы отырыста Мәжіліс өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша, сондай-ақ, әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметіне қатысты түзетулерге арналған заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

 Сонымен қатар, осы күні халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді және 1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға байланысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.  

 

 

 

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі