Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.06.2016

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

 

Астана. 17-маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің  төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, күн тәртібіне екі мәселе енгізілді. Олар: еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің  жолдауы, Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы.

Бірлескен отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне тікелей бағынатын және  есеп беретін мемлекеттік органдардың  басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері  және   бұқаралық  ақпарат құралдарының өкілдері   қатысты.

Алғашқы сұрақ бойынша Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов баяндама жасады.

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған мерейлі кезең. Сондықтан болар, Жолдауда мемлекеттің құрылыстың жаңа тарихына айрықша назар аударылып, Конституциялық Кеңес актілерінің маңыздылығы айтылды. Айта кетейік, тәуелсіздікті құрған тарихи құжаттардың озық ережелері еліміздің 1993 жылғы 28 қаңтардағы алғашқы Конституциясына, кейінірек 1995 жылы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған мемлекетіміздің қолданыстағы Конституциясына негіз етіп алынды. И. Рогов атап өткендей, егемендігімізді қалыптастыру мен нығайтуда, жаңа қазақстандық мемлекеттілікті сәттілікпен құруда түбегейлі рөл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Ел азаматтары Қазақстанның тәуелсіздігін басты конституциялық құндылық және Ұлтты сақтап қалудың түп қазығы деп қабылдайды.

Жиырма бес жылдың ішінде жоғары халықаралық стандарттарға, қазақстандық дәстүрлерге, мемлекеттік басқару мен қоғамдық құрылыстың барлық салаларын қарқынды жаңғырту мүддесіне сай келетін жаңа құқық жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Алдағы уақытта да ел конституциясының үстемдігін және тікелей қолданылуын қамтамасыз ету, конституциялық мониторингтің тиімді жүйесін енгізу және қалыптастыру, соттардың бастамасы бойынша көзделген кейінгі конституциялық бақылауды тиімді пайдалану, азаматтарды конституциялық патриотизмде тәрбиелеу, құқыққа сай жүріп тұруға, құқықтық тері пайдаланушылыққа төзбеуге ынталандыру бағытында жоспарлы істер қолға алынатын болады.

  Күн тәртібіндегі екінші мәселе төңірегінде баяндама жасаған Бақыт Сұлтановтың мәліметтеріне жүгінсек, 2015 жылғы республикалық бюджетті атқарудың басты ерекшелігі - оның дағдарысқа қарсы бағытталуы мен тұрақтандырушы рөлінде. Осы уақытта "Нұрлы жол" бағдарламасының алғашқы жылы іске асырылды, бюджет шығыстары сұранысты және экономиканың қаржылық орнықтылығын қолдауға арналды. Әлеуметтік шығыстар ұлғайтылып, барлық міндеттемелер толық көлемде орындалған.

Алайда, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин мырзаның айтуынша кемшіліктер мен проблемалар да жоқ емес. Мәселен, Бюджетке түсетін қосымша түсімдер әлеуеті толығымен пайдаланылмаған. Жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істер кінәлі адамдар анықталмағандықтан не оларды іздестіру жүргізілмегендіктен тоқтатылуда. Сондай-ақ, есепті кезеңде тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 459,2 миллиард теңгені құрап, Республикалық бюджеттің 7,8 миллиард теңгесі игерілмеген. Және де квазимемлекеттік сектор субъектілері бюджет қаражатын ашық және тиімді пайдаланбайды, нысаналы трансферттер талаптағыдай жүзеге асырылмайды. Есепті кезеңде орталықта да, өңірлерде де мемлекеттік органдар 64 инвестициялық жобаны аяқтамаған,-дей келіп, Қ. Жаңбыршин осы олқылылықтардың орнын толтыру бағытындағы ұсыныстарын да жеткізді. Осы жерде айта кету керек, бюджеттің тиімді атқарылуы, бюджет заңнамасын және жалпы бюджет процесін жетілдіруде Парламент депутаттары зор үлес қосып келеді. Яғни, аталған комитеттің есебі Мәжіліс пен Сенат комитеттері мен жұмыс топтарының 23 отырысында, сондай-ақ Парламент палаталарының екі жалпы отырысында жан-жақты талқыланып,  халық қалаулылары тарапынан көптеген ұсыныстар жасалған.

Бүгінгі бірлескен отырыс барысында да қос Палата депутаттары Үкімет мүшелеріне, құзырлы орган өкілдеріне сындарлы пікірлері мен сыни көзқарастарын жеткізді. Мәжіліс депутаттары Шавхат Өтемісов, Омархан Өксікбаев, Екатерина Никитинская, Серік Құсайынов, Берік Дүйсенбинов, Иван Клименко,  Ерлан Барлыбаев Үкімет жетекшісіне, министрлерге   дағдарысқа қарсы жоспарлы жұмыс бойынша халықты ақпараттандыру,  Үкіметтік қарыздың белгіленген межеден асып түскендігі, Ұлттық қор жинағының тым жылдам жұмсалуы, су ресурстары комитетінің бюджет қаражатын тиімді пайдалануы, денсаулық саласына қаралған қаражаттардың өңірлерге бөлінуі, мемлекет қаржысын тиімді пайдаланбау, мемлекеттік бағдарламаларды орындаудағы жеке жауапкершілік жүктеу жайына алаңдаушылық білдірді.            

Талқыланып отырған мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қожахан Жабағиев Үкімет бюджеттің кіріс бөлігін 105,7 пайызға орындауды қамтамасыз еткенін, бірақ бюджетке екі мәрте жүргізілген нақтылаудан кейін бюджеттің кіріс бөлігі 938,2 миллиард теңгеге қысқарғанын ескертті. Айтуынша теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының еркін айналымға көшуі есебінен бюджеттің кіріс бөлігі қосымша 300 миллиард теңгеге салықтық түсімдер есебінен толыққан. Дегенмен, жоспарлаудың сапасы мен тиімділігі және бюджеттің кіріс бөлігін әкімшілендіруі жақсармай келеді. Қолдағы бар салықтық және кедендік түсімдер әлеуетін толық пайдаланбау және жеткілікті дәрежеде тиімді салықтық әкімшілік етудің болмауы салдарынан бюджет кірісі шығын шегуде. Сондықтан да Үкімет бюджет кірісін жоспарлаудан бастап салықтық әкімшілендіруді жақсартудың жүйелік шарасын қабылдауы қажет. Бағдарлама әкімшілері бюджетті жоспарлау барысында шығыстардың кейбір түрлеріне қажеттілікті негізсіз көтеріп, қараша-желтоқсан айларында игерілмеген миллиардтаған теңгені бюджетке қайтаруды "дәстүрге" айналдырған.

Депутаттар сырттан қарыз алудың ұлғаюы, еліміздің қаржы тұрақтылығына қауіп төндіретінін және бюджетке қосымша салмақ салатынын айтуда.

Осы орайда Парламент Үкіметке:

1) түпкілікті нәтиже мен тиімділікті көрсету мақсатында мемлекеттік жоспарлау жүйесінің барлық құжаттарының нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін  қайта қарау;

2) мемлекеттік борышты және сыртқы қарыз алудың өсімін, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын азайту жөніндегі шараларды қабылдау;

3) бюджет ысырабын болдырмау мақсатында салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қабылдау, салық төлеуден жалтару фактілерін,  ықтимал жалған кәсіпорындарды ерте анықтау тетіктерін көздеу;

4)  ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруға кедергі келтіретін және қолма-қол ақшасыз айналымды ынталандыратын шараларды әзірлеу;

5) әлеуметтік саланың барлық бағыты бойынша жарақтандырылу нормативтері мен желі нормативтерін әзірлеу;

6) «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасынан өндірістік емес салада жұмыс істейтін (көтерме-бөлшек сауда-саттықпен, жылжымайтын мүлікті жалдаумен және пайдаланумен, тұруды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді ұсынумен айналысатын, демалыс және ойын-сауық саласында жұмыс істейтін) кәсіпкерлік субъектілерін субсидиялауды алып тастау;

7) квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін әзірлеу;

8) квазимемлекеттік сектор субъектілері мен екінші деңгейдегі банктер арқылы нақты экономика секторын мемлекеттік қаржыландыру кезінде   сыйақы мөлшерлемелерін реттейтін шектеулерді әзірлеуді ұсынды.

Жалпы Парламент Қаулысына сәйкес, Үкіметтің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі кiрiстер – 6 136 967 569 мың теңге, шығындар – 6 789 829 432 мың теңге болып бекітілді.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі