Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.06.2016

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП САЙЛАНДЫ


НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП САЙЛАНДЫ

 

Астана. 22-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қамтылды.

Бірінші кезекте халық қалаулылары Мәжілістің бұрынғы төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы болып сайлануына байланысты өз еркімен орнынан түсуі туралы мәселені  қарап, бірауыздан қолдау білдірді.

Одан кейін депутттар Мәжілістің жаңа Төрағасын сайлау рәсіміне кірісті. Төраға лауазымына Палата депутаттары ұсыныс жасайтынындықтан,  Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз алып, бір ғана депутаттың, яғни Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды.

Ұсынылған кандидат бойынша өз пікірілерін ортаға салған депутаттар қатарында  Азат Перуашев Нұрлан Зайроллаұлымен бірге жұмыс істеген кезді еске ала отырып, оның Палата Спикері ретінде Мәжілісте парламентаризмнің демократиялық дәстүрлерін қалыптастыруға зор үлес қосқанын, парламенттік фракцияларды бөле-жармай бірдей қараудың нігізін қалағанын, ең бастысы, барлық фракция өкілдері Мәжілістің жалпы отырыстарында және бірлескен отырыстарда өз пікірлерін еркін айту құқына ие болғанын айтты. Ал, депутат Қуаныш Сұлтанов кандидаттың Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекетіміздің ең жауапты мәселелерін шешуде зор сенім көрсетіп жүрген әріптестерінің бірегейі екенін, өңірлер мен мемлекет басқару ісінің күрделі әрі мол тәжірибелі мектебінен өтіп, ел тынысын, жағдайын білетін, шыңдалып, кемелденген, елімізге танымал мемлекеттік қайраткер екенін алға тартса, Владимир Косарев Нұрлан Нығматулинның көппартиялы Парламент Спикерінің қалай жұмыс істеу керектігінің үлгісін көрсеткенін,  Мәжіліс төрағасы болып сайланған жағдайда Палатаның беделін көтеріп, жұмыс тиімділігін арттыратынына кәміл сенетіндігін жеткізді.  

Депутат Нұртай Сабильянов кандидатты кешегі фракция отырысында Елбасы өзі ұсынып, сенім артқанын, бұл халықтың, елдің артқан сенімі екендігін атап өтті.  

Тағы да бірқатар депутаттардың талқылауынан кейін жасырын дауыс беруге арналған тізімге депутат Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасы енгізіліп, Мәжіліс Регламентінің 24 және 171-тармақтарына сәйкес жасырын дауыс беруді өткізу және оның нәтижесін анықтау үшін 7 адамнан құрылған Санақ комиссиясын сайланды.

Тиісті рәсімдерден кейін депутаттар арнайы жасақталған кабиналарда жасырын дауыс беру рәсіміне қатысты. Нәтижесінде бүгінгі жалпы отырысқа қатысқан 102 депутаттың барлығы дерлік Нұрлан Нығматулиннің кандидатурсына қолдау білдірді.

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестеріне өз ризашылығын білдіре келіп,- Бұл, әрине, мен үшін үлкен мәртебе және өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және сіздердің сенімдеріңізді ақтау, Мәжілістің жұмысын одан әрі күшейту жолында барлық жинаған білімімді, жинаған тәжірибемді арнайтын боламын,-деді.

Жалпы отырыс жұмысын өз қолына алған Палата Спикері ертең де дағдылы уақытта Мәжілістің жалпы отырысы өтетінін ескертті.

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі