Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.06.2016

МӘЖІЛІС ТӨЛЕМДЕР ЖӘНЕ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ЕКІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС ТӨЛЕМДЕР ЖӘНЕ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ЕКІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 23-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда халық қалаулылары  «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және оған леспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Құжат бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның айтуынша мұнда төлемдер мен ақша аударымдары туралы нұсқауды орындау тәртібі мен әдістері ең үздік әлемдік практикаға сәйкес жетілдіріледі, сондай-ақ қазіргі заманғы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, төлемге бастама жасаудың жаңа әдістерін пайдалану мүмкіндігі енгізіледі. Мемлекеттік бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің, тұрғын үй төлемдерінің, азаматтардың нотариус депозитіне аударылатын ақшасының есебінен банк шоты иесінің міндеттемелері бойынша берешекті өндіріп алуға шектеу белгілеу және тыйым салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, «төлем ұйымы» ұғымын енгізу, оларды Ұлттық Банкінде есептік тіркеу режимі, Қазақстанның төлем нарығында өз қызметін жүзеге асыратын жеке банктік емес төлем ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау енгізу, төлем агенттері мен қосалқы агенттерді тарту арқылы төлем қызметтерінің белгілі бір түрін көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Құжат қабылданған жағдайда  төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде ғана туындайтын құқықтық қатынастарды реттейтін қолданыстағы «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Заңның күші жойылды деп тану көзделіп отыр.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар төлем жүйесі қағидаларын нақтылауға және оларды оператордың интернет-ресурсында жариялау мерзімдеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктерін нақтылауға қатысты түзетулер енгізді. Бұдан басқа, білім беру жинақтау жүйесі туралы шартқа сәйкес банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол бермеуді, жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйесінің операторлары үшін ең төмен талаптарды нақтылауды енгізді.

Ал леспе заң  жобасында негізгі заң жобасында белгіленетін талаптарды бұзғаны үшін төлем қызметтерін берушілердің әкімшілік  жауапкершілігін бекіту көзделіп отыр. Жұмыс тобына 70-тен астам ұсыныстар келіп түсіп, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он отырысында және Комитеттің кеңейтілген екі отырысында қаралған.

Осы күні Мәжіліс депутаттары Ауғанстан Ислам Республикасымен Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіиетаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісімге сәйкес тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде төтенше жағдайдың сипаты, қажетті көмек түрлері мен оның көлемі туралы барлық ақпарат бар ресми сұрау салу негізінде көмек көрсетеді. Бұл ретте, сұрау салуды алған тараптың келісімде көзделген себептерге орай сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқығы бар, сұрау салуды алған тарап сұрау салушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын көрсете отырып, көмек көрсету мүмкіндігі, нысаны, көлемі, шарттары туралы, сондай-ақ әкелінетін жарақ пен құтқару құрал-жабдығы туралы хабарлайды. Сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың тұру және тамақтану жөніндегі барлық шығыстарын көтереді, сондай-ақ оларға медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді.

Жалпы отырыста сондай-ақ, Тәжікстанмен Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы жұмысқа қабылданып, Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды. 

Бүгін «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңының 14-бабына сәйкес Мәжіліс депутаты                       Бақтықожа Ізмұхамбетов  Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына сайланды.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі