Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.06.2016

МӘЖІЛІСТЕ ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ


МӘЖІЛІСТЕ ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ  ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

 

Астана, 28 маусым. Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану  және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсаукесері өтті.

Отырысты комитет хатшысы Меруерт Қазбекова жүргізіп, Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау баяндама жасады.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация мен әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнаманы одан әрi жетiлдіру мақсатында әзірленген.

Заң жобасы 7 заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейді, оның ішінде 3 кодекске (Қазақстан Республикасының Салық Кодексі, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі) және 4 заңға («Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары) өзгерістер болады.

Аталған Заң жобасы:

Қазақстан Республикасының заңнамасын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына одан әрі сәйкес келтіруге;

әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласында бақылау мен қадағалауды күшейтуге;

авиациялық медицина орталықтарының куәландіруі секілді куәландырудің жаңа түрін енгізу арқылы авиаперсоналды медициналық куәландыру жүйесін жетілдіруге;

медицина сарапшыларына, аэронавигация қызметін көрсетушілерге және лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктеу арқылы авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;

кіші авиация дамуында әкімшілік кедергілерді жоюға, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарының тіркеуін енгізуге бағытталған.

Вице-министрдің баяндамасынан кейін депутаттар министрліктің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Сейдахмет Бекеновке  көтеріліп отырған тақырып бойынша сауалдар қойды. Халық қалаулыларын Алматы мен Астана қалаларындағы жаңа хабтардың құрылысының жайы алаңдатты. Жаңадан халықаралық авиарейстер мен облыс және аудан орталықтарында өңірлік, жергілікті авиажүйелер ашылуы туралы сұрастырды.

Бірқатар депутаттық сұрақтар әуе жүйесінің қауіпсіздігі, сонымен қатар жазғы құрамның медициналық куәландыруы, мамандармен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен авиабилеттер құны, «қайтарылмайтын» авиабилеттер, т.б. жөнінде болды.

Бұл сұрақтардың бірқатарына  жазбаша жауап қайтарылатын болып келісілді, қалғандарын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов жетекшілік ететін заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысында талқылайтын болып шешілді.

 

***

Тұсаукесерге Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі