Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.06.2016

АЛТЫНШЫ САЙЛАНҒАН ПАРЛАМЕНТТІҢ БІРІНШІ СЕССИЯСЫ АЯҚТАЛДЫ


АЛТЫНШЫ САЙЛАНҒАН ПАРЛАМЕНТТІҢ БІРІНШІ СЕССИЯСЫ АЯҚТАЛДЫ

 

Астана. 30-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған Парламент өзінің бірінші сессиясын аяқтады.

Өткен сессия жұмысын қорытындылаған Палата Төрағасы бұл кезеңде Парламенттің үш ай ғана жұмыс істегенін, аз ғана уақыт болса да  Елбасымыз жүктеген стратегиялық міндеттерге сәйкес, Қазақстанымызды жаңғыртуға арналған өте маңызды жұмыстар қолға алынғанын, соның нәтижесінде еліміздің болашағына, халқымыздың өміріне қажетті көптеген құжаттар қабылданғанын айтты.

Мәжіліс Төрағасы келтірген санды мәліметтерге сүйенсек, сессия барысында екі Палатаның 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің 12 және Сенаттың 6 жалпы отырысы өткізіліп, 170 тұрақты комитеттердің, заң жобалары бойынша 186 жұмыс топтарының отырыстары өтті. Мәжіліс қарауында барлығы 42 заң жобасы болды. Ал, 7 заң жобасына біздің депутаттардың өздері бастамашы болды. Сессия қорытындысы бойынша Мәжіліс 13 заң жобасын мақұлдап, Парламент 12 заң жобасын қабылдады.

Осы кезеңде тікелей Елбасының Жарлығымен Жер Кодексінің кейбір нормаларының қолданысын тоқтата тұруға байланысты заң жобасы қабылданды.

Сонымен бірге, Мәжіліс «Төлемдер мен төлем жүйесі туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бүгінгі күні 4 заң жобасына Президенттің қолы қойылып, заңды күшіне енді.

Осы уақытта Парламент еліміздің сыртқы саясатын қамтамасыз етуге, халықаралық байланысты дамытуға, Еуразиялық Экономикалық Одақ пен Тәуелсіз мемлекеттер арасындағы қызметті реттеуге, басқа да салаға арналған көптеген халықаралық келісімдерді ратификациялады.

Ал, Парламентте өткен үкімет сағаттарында, дөңгелек үстелдерде, көшпелі отырыстарда, денсаулық саласы, ауылшаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, білім және мәдениет, жастар мәселелері ерекше талқыланды.

Жалпы айтқанда, сессия барысында депутаттық корпус Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын басты бағдар ете отырып, Президенттің сессияның ашылуында берген тапсырмаларын жоспардағыдай атқарып шықты. Соның аясында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, денсаулық сақтау, аграрлық секторды дамыту, жергілікті полиция қызметі мен жеке сот орындаушылары институтын қалыптастыру, жаппай дене шынықтыруды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мәселелері назардан тыс қалмады.  

Сессия барысында тиісті органдарға барлығы 115 депутаттық сауал жолданып, азаматтардан депутаттардың атына 2935 өтініш түскен.

Депутаттық корпустың халықаралық қызметі жайында                         Н. Нығматулин Парламенттің 12 парламентаралық ұйыммен және 80-нен астам елдердің парламенттерімен өзара әріптестік орнатқанын тілге тиек етті.

Мәжіліс Спикері аз ғана уақыт болса да елімізде маңызды шешімдер қабылдауды қажет ететін, көптеген елеулі оқиғалар орын алғанын сөз етіп, Елбасының әрқашанда халықпен бірге болып, батыл қадам жасай білетін көреген басшы екенін көрсеткенін айтты. 

Қос Парламенттің алдында тұрған келелі мәселелерге тоқталған Мәжіліс Төрағасы Сенатпен бірлесе отырып, заң шығару жұмысының кешенді жоспарын жасап, нақты іс-қимылдарды белгілеу керектігін, ол ең алдымен мемлекеттік саясаттың маңызды сұрақтарымен тікелей байланысты екенін алға тартып:

- Бүгінгі күні бүкіл әлемде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүріп жатқан кезде Президентіміздің Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, осы салада арнайы Заңдар әзірлеу туралы тапсырмасының маңыздылығы өте зор. Сондықтан біз, Үкіметпен бірлесіп, тиімді жұмыс жасай отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халқымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қолға алуға дайынбыз. Себебі, тәуелсіздігімізді сақтау, ұрпағымыздың бақытты болашағы жолында бірлесе алға жүру – біздің басты мақсатымыз. Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі ол - Президентіміздің 5 институционалды реформасын іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын одан әрі сапалы заңдармен қамтамасыз ету.

Бұл жолда Парламент жұмысының ашық болуына ерекше назар аударылады. Себебі, біз үшін қоғамдық пікірлердің орны да ерекше, маңызы да өте зор,-деді.

Осы орайда, Парламент қабырғасында азаматтық қоғам белсенділерімен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, кез-келген мәселені ашық айтуға, заң жобаларын талқылауға барлық жағдай жасалады.

Сондай-ақ, келесі сессияда  Сенат пен Мәжіліс депутаттары қабылданып жатқан заңдардың мән-маңызын әрбір азаматқа жеткізу мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жете көңіл бөледі. Яғни, Мемлекет Басшысының  заңның орындалуын қатал және жүйелі түрде бақылауға алу туралы қойған  міндеттерін орындауға баса назар аударылады.  

Сөзін қорытындылай келе, Нұрлан Нығматулин жаңа жағдайда жұмыс бастаған Парламенттің рөлі арта түскенін алға тарта келіп:

- Елбасымыз Қазақстанды ең дамыған 30 елдің қатарына қосу жолында жаңа міндеттер, биік мақсаттар қойып келеді.

Осыған байланысты Парламенттің де саяси басымдығы және жауапкершілігі жыл сайын арта түсуде.

Осы жауапкершілікті терең сезініп, жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындау баршамыздың парызымыз.

Біз әрқашанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айналасына бірігіп, берекесі мықты, мақсаты берік, келешегі кемел «Мәңгілік ел» болу мақсатымызға жетеміз деп сенеміз,-деді.

Бірлескен отырыс соңында депутаттар VI шақырылымның бірінші сессиясын аяқтау  туралы және осы жылдың 1 шілде - 31 тамыз аралығындағы  депутаттық каникул туралы Қаулы қабылдады,

Жиын соңында еліміздің әнұраны орындалды. Айта кетейік, биыл қос палаталы Парламенттің құрылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде Парламент 2500-ден астам заң қабылдаған.

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі