Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.07.2016

ҚАРАҒАНДЫДА МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ «НҰРЛЫ ЖОЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША САЛЫНЫП ЖАТҚАН ӘЛЕУМЕТТІК ОБЪЕКТІЛЕРДІ АРАЛАДЫ


ҚАРАҒАНДЫДА МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ «НҰРЛЫ ЖОЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША САЛЫНЫП ЖАТҚАН ӘЛЕУМЕТТІК ОБЪЕКТІЛЕРДІ АРАЛАДЫ

 

                Астана, 15 шілде, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері А. Базарбаев, Г.Бижанова,  Н. Дулатбеков, А. Қожахметов, Қ. Мусин, сондай-ақ ҚХА депутаттық тобының мүшесі Н. Микаелян Қарағанды облысына сапары барысында Қарағанды қаласы аудандарының бірінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан екі объектінің – 1200 орындық жалпы білім беретін мектептің және 320 орындық балабақшаның құрылыс алаңында болды.

                Мәжіліс депутаттары облыстық мәслихаттың бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссиясымен бірлесіп, құрылыс барысымен және оның сапасымен танысты. Бюджет қаражатының игерілуіне ерекше көңіл бөлінді.

                Салынып жатқан балабақшаға барған кезде барлық жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Ғимараттың қаңқасын тұрғызу, терезелерін монтаждау, қасбетін жылыту, төбесін жайғастыру жұмыстары, сондай-ақ алаң ішіндегі желілер, еденді бетондау, радиаторларды монтаждау бойынша жұмыстар аяқталған.

                Қазіргі уақытта ғимаратты қаптау аяқталған дерлік, технологиялық жабдықтар сатып алынған. Үй-жайдың ішкі әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Объектінің жалпы дайындығы 85 %-ды құрайды.

                Жалпы білім беретін орта мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы жалпы жұмыс көлемінің 65 %-ын құрайды. Шілде айында  ғимаратты технологиялық  жабдықпен жарақтандыру, аумақты абаттандыру мен оған асфальт төсеу жұмыстары  орындалатын болады.

                Мәжіліс депутаттарын объектілердегі барлық жұмыстар мерзімінде аяқталады деп сендірді. «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясы жетекшісінің орынбасары Асқар Базарбаев әлеуметтік объектілерге бару сапарымен бөлісіп:

- Атқарылған жұмыстарды көріп, көңіліміз толды. Қаражат белгіленген мерзімге сәйкес жеткілікті түрде қарқынды игеріліп жатыр, орындалып жатқан жұмыс көлемі жобалар мен жоспарларға сай келеді. Объектілердің құрылысы мен оларды жарақтандырудағы қазақстандық қамтудың үлесі жоғары, - деді.  

Қарағанды облысында «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша білім беру объектілерін салуға және реконструкциялауға 2016 жылы барлығы 2 млрд. 483 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде «Қарағанды қаласында 320 орындық балабақша салу» объектісі бойынша – 496 млн. теңге, «Қарағанды қаласы, Кең-дала шағын ауданында 1200 оқушы орынға арналған жалпы білім беретін мектеп салу» объектісі бойынша – 917 млн. теңге.

 

(Мәжілістің баспасөз қызметі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының материалдары бойынша, фотоны партияның филиалы ұсынды) 

                 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі