Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.08.2016

Мәжіліс Спикері Н. Нығматулин Маршалл Аралдары Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесті


Мәжіліс Спикері Н. Нығматулин Маршалл Аралдары Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесті

 

Астана. 29-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Ядролық қарусыз әлем құру» форумы аясында Маршалл Аралдары елінен келген делегация өкілдерімен кездесті. Делегацияны Маршалл Аралдары Парламентінің төрағасы Кеннет Кеди бастап келді.

Жүздесу барысында тараптар ядросыз әлем мәселесіне айрықша назар аударды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың теңдесссіз көшбасшысы екенін айта келе, Нұрлан Нығматулин ядролық қарусыздану және таратпау үрдісінде біздің еліміздің алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті.  

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Елбасының Семей ядролық полигонын жабу мен әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімінің тарихи мәні мен маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс Спикері:

-Қазақстан Президентінің ядролық қаруды таратпау саласындағы ауқымды бастамалары әлемдік тұрақтылықты, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы ерен еңбегі,-деп атап өтті.

Кездесу иелерінің пікірінше, осы салада қос мемлекет халқының тағдыры ұқсас. Себебі ел тұрғындары Қазақстан мен Маршалл Аралдарында өткізілген ядролық сынақтардың зардабын бүгінге дейін көріп келеді. Өз кезегінде Кеннет Кеди:

 -Сондықтан да біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық зор болуы керек. Біз Қазақстан Парламентіне әсіресе, ядролық қарусыздану мәселесінде толықтай қолдау көрсетуге дайынбыз,-деді.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Елбасының бейбіт өмірге үндейтін «Бейбітшілік. XXI ғасыр» манифестіне ерекше тоқталып, осы орайда «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы бүкіл әлемдік қауымдастықты ядролық қарудан толық бас тарту жолындағы ортақ мақсатқа жетелейтінін атап өтті.

Жүздесу барысында Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануы, «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін өткізу сынды маңызды тақырыптарға көңіл бөлінді.

Сондай-ақ, кездесу иелері екіжақты қарым-қатынасты дамыту, қос мемлекеттің заң шығарушы органдары арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.

Айта кетейік, Қазақстанның бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен 29-тамыз халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде белгіленген болатын. 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

    

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі