Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.09.2016

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин Халықаралық бюджеттік әріптестік сарапшысы К. Шутенмен кездесті


Астана. 14-қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Халықаралық бюджеттік әріптестіктің сарапшысы Клэр Шутенмен кездесті.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, аталған ұйым бүкіл әлемде бюджет ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Н. Нығматулин ұйымның осы саладағы зерттеулерінің шынайы әрі тәуелсіз екенін алға тарта келіп, барлық бюджеттік бағдарламаларды қарайтын Парламент үшін бюджеттің ашықтығы мен бақылау тиімділігін арттыратын ұсынымдарды зерделеудің маңыздылығы зор екенін айтты.  

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы:

-Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламенттің алдына бюджет қаржыларын игеруде қатаң бақылау мен заң шығармашылық қызметінің  барынша ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта Мәжілісте заң жобаларын қараудың мүлдем жаңа тәртібі енгізілді,-деді.

Одан әрі Палата Төрағасы Мәжіліс қарауына түскен еліміздің негізгі қаржылық құжаттары жайында баяндады.

Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығын қарсы алғалы отырған Қазақстанның экономикалық жетістіктерін де назардан тыс қалдырмады.

Өз кезегінде мейман біздің мемлекетіміздің даму қарқынына ерекше көңіл бөліп, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету шараларына жоғары баға берді.

Н. Нығматулин Клэр Шутенге мазмұнды кездесу үшін алғысын білдіріп, алдағы бірлескен жұмыс Қазақстан бюджетінің тиімділігі мен ұтымдылығын бұрынғыдан арттыра түсетініне сенім білдірді.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі