Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.09.2016

Мәжіліс Тәжікстанмен Стратегиялық әріптестікке қатысты заң жобасын мақұлдады


Астана. 21-қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжіліс Тәжікстанмен Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Шартқа сәйкес Тараптар әскери және әскери-техникалық салаларда, азаматтық қорғаныс саласында ынтымақтастық жасайды, сондай-ақ ғылым мен техника, денсаулық сақтау, білім және мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты арттырады.

Сондай-ақ, осы күні Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Бастапқыда үкіметаралық ұйым ретінде 1992 жылғы «Халықаралық ғылыми-техникалық орталық құру туралы» Келісіммен құрылған Орталық осы Келісімнің талаптарына сәйкес қызметін жалғастырады. Біздің еліміз қабылдаушы мемлекеттің рөлін атқаратындықтан, орталықтың штаб-пәтері Қазақстанда орналасады. Қазіргі уақытта аталған орталыққа 38 мемлекет мүше. Қазақстан мүшелікке енген 21 жылдың ішінде орталық 200-ден астам қазақстандық жобаларды қаржыландырған. Оған 5000-нан астам отандық ғалым тартылған.

Жалпы отырыста 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Ресеймен Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге қатысты хаттамаға байланысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

Күн тәртібіндегі сұрақтар қаралып, депутаттық сауалдар жолданғаннан кейін Палата Спикері Мәжіліс Төрағасы жанынан Депутаттық  әдеп  кеңесі  құрылғандығынан хабардар етті.

Елімізге белгілі қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов басқаратын Кеңестің мүшелері:  Сауытбек Абдрахманов, Құралай Қаракен, Евгений Козлов, Екатерина Никитинская, Шавхат Өтемісов,  Тұрғын Сыздықов.

Н. Нығматулин атап өткендей, бұл Кеңес депутаттық  әдеп ережелерін бұзған жағдайда, тиісті заңдарды басшылыққа ала отырып, Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, депутаттық этиканы бұзуға жол бермей, керек уақытта жазалау шараларын  қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлейтін  болады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі