Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.09.2016

Н. Нығматулин: Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда Парламенттердің рөлі зор.


Астана. 26 қыркүйек. Мәжіліс үйі. Астанада өтіп жатқан Инновация, технология және білім мәселелері жөніндегі Астана парламентаралық форумында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, одан әрі дамытуда Парламенттерге жүктелетін жауапкершілік жүгінің өте жоғары екенін айтты.

Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отырған екі күндік жиынның мемлекеттер әріптестігін күшейтуге, бірлесіп табысты жұмыс жасауға жаңа серпін беретінін алға тартқан Мәжіліс Спикері өзара тәжірибе алмасып, іскерлік байланысты нығайту қажеттілігіне тоқталды.

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген бес институционалдық реформаны орындаудың «100 нақты қадам»  Ұлт Жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларды және оларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін сөз еткен Н. Нығматулин: -Осы Ұлт Жоспарында көрсетілгендей, біздің елде инновация саясаты экономикалық дамудың, бәсекеге қабілетті қоғам құрудың негізгі бағыты болып табылады. Бұл жолда біздің еліміз индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бес жылдығын табысты орындады .Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның екінші кезеңі тиімді жүргізілуде,-деді.

 Форум қатысушылары әсіресе, жасыл экономика тақырыбына ерекше назар аудармақ. Осы орайда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі әңгіме өзегіне айналады. Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері осы көрмеге қатысуға ниет білдіріп, өз ұсыныстарын жолдауда. Мәжіліс Төрағасы «Болашақ энергиясы – Жасыл экономика» мәселелері келешек тұрақты өсудің негізгі бағытына айналғанын, бүкіл әлем дамудың жаңа және экологиялық таза жолдарын таңдап отырғанын, «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүзден астам мемлекет, өздерінің ғылыми-техникалық, инновациялық жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алатынын айта келіп, ИСЕСКО ұйымына мүше барлық елдерді осы көрмеге белсене қатысуға шақырды.

 Айта кетейік, Форум аясында Әзербайжан, Алжир, Бангладеш, Египет, Индия, Индонезия, Казахстан, Комор аралдары, Пакистан, Гамбия Республикасы, Мали Республикасы және т.б. елдердің парламент өкілдері, ғалымдары мен сарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі. 

Форумның екінші күні аймақтық даму бойынша технологиялар мен инновация, ғылым салаларында мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері  талқыланбақ. Бұл орайда, Индия, БАӘ, Кот д’Ивуар Республикасы, Марокко, Тәжікстан елдерінің халықаралық үздік тәжірибелері қаралады.

Форум қорытындысында білім, технологиялар мен инновация салаларындағы  парламентаралық ислам әріптестігін нығайту бойынша Астана декларациясының қорытынды құжатын қабылдау жоспарлануда.

(74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі