Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.09.2016

Мәжіліс 2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын мақұлдады.


Астана. 28-қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Халық қалаулылары 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңға өзгерістер мен толықтыруларға қатысты заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасының маңыздылығына тоқталған Мәжіліс Төрағасы: -Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екінші сессияның ашылуында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында республикалық бюджет мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Осыған байланысты біз бюджетке қосымша түскен қаржыларды Президентіміз айтқан дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін тиімді пайдалануымыз керек»,-деді.

Сондықтан халық қалаулылары аса маңызды заң жобасы бойынша алдымен Ұлттық экономика министрі Бишімбаев мырзаның, Қаржы министрі Сұлтанов мырзаның, Ұлттық Банкінің Төрағасы Ақышев мырзаның баяндамаларын тыңдады.  

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өз сөзінде  түзетілген макроэкономикалық болжамның, сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бергі салықтық түсімдердің серпіні негізінде 2016 жылға арналған республикалық бюджет параметрлері нақтыланғанын алға тарта келіп: Республикалық бюджет кірістері 2016 жылы 4 триллион 200,2 миллиард теңге көлемінде бағаланып отыр, бұл бекітілген жоспардан 834,9 миллиард теңгеге артық. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі мен теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына көшуіне байланысты түсімдердің ұлғаюы есебінен қосымша құн салығы (199,4 миллиард теңгеге) бойынша және корпоративтік табыс салығы бойынша (219,3 миллиард теңгеге) негізгі асыра орындалу күтілуде. Сондай-ақ мұнай бағасы жоғары болған жағдайда мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажының мөлшерлемесін тоннасына 20 доллардан 35 долларға дейін жоғарылауы және мұнай өндіру көлемінің 74-тен 75,5 миллион тоннаға дейін ұлғаюы есебінен мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажы 197,5 миллиард теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ ағымдағы жылы бірреттік сипаттағы кірістердің нақты түсіміне байланысты салықтық емес түсімдер бойынша болжам 113,5 миллиард теңгеге өсті, оның ішінде "Қазаэронавигация" және әскери қызметкерлер пайдасына бюджет қаражатынан аударылған 50 пайыз міндетті зейнетақы салымдарының қайтару түрінде 95,3 миллиард теңгені құрайды. Осы айтылғандарды ескере отырып және Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 шілдеде өткен кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында басым жобалар мен іс-шараларды іске асыруға 379,9 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу ұсынылады.

Олардың ішінде 283,4 миллиард теңгені өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және экономикалық өсуді ынталандыруға бөлу ұсынылып отыр,-деді.

Ал, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов  қаржыландыру үшін ұсынылып отырған жобаның басты бағыттары біріншіден, индустрияландырудың жаңа кезең аясында агроөнеркәсіптік кешенді және экспорттық әлеуетті дамыту есебінен экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесу, екіншіден, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру шеңберінде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын айтты.

Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша Ұлттық Банктің негізгі мақсаты 2016 жылдың соңына қарай инфляцияны 6-8 пайызға жеткізу. Теңгенің еркін өзгеруі жағдайында айырбастау бағамы әлсірей де, нығая да алады. Сондықтан Ұлттық банк кәсіпорындарға және халыққа ақшасын шетел валютасында сақтамауға кеңес берді. Оларды әртүрлі валютада сақтау керек және қазір халық үшін теңгедегі депозит ставкасы шетел валютасындағы депозит ставкасына қарағанда 7 есе тиімді.

Осы күні депутаттар Ұлттық қордан 2016 – 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын да мақұлдады.

2016 жылы республикалық бюджет кірістерінің күтіліп отырған асыра орындалуын ескере отырып және Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу мақсатында Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферт мөлшерін 2 триллион 880 миллиард теңгеден 2 триллион 479,7 миллиард теңгеге дейін азайту көзделуде.

Жалпы отырыста бәсекелестік мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты. Заң жобасының негізгі мақсаты еліміздің монополияға қарсы заңнамасын жетілдіру және Қазақстандағы бәсекелестікті қорғау саласындағы саясатты одан әрі күшейтіп, оның нормаларын ең озық халықаралық тәжірибеге сәйкес келтіру.

Сондай-ақ, Мәжіліс осы күні «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі