Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.10.2016

Мәжіліс экстремизмге және терроризмге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана. 5-қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, депутаттар экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Н. Нығматулин атап өткендей, Елбасының мемлекет қауіпсіздігін заңдық тұрғыдан күшейтуге байланысты берген нақты тапсырмасына орай Үкімет аталған заң жобасын әзірлеп, оны талқылауға депутаттармен бірге бүкіл қоғам қатысып, өз қолдауын көрсетті.

Осыдан кейін ғана Мәжілістің жалпы отырысына ұсынылған өте маңызды құжат бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев баяндама жасады.

Заң жобасында қару-жарақ айналымын, оны сақтау тәртібін бақылауды күшейту, оның ішінде азаматтық, қызметтік қару және оқ-дәрі айналымы, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыру, халықаралық террористік ұйымдарға және шетелдегі қарулы жанжалдарға қатысқаны үшін жазалау шараларын күшейту, діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салуға қатысты көптеген түзетулер көзделген.

Дегенмен, бүгінгі жалпы отырыста да депутаттар тарапынан сұрақтар аз болмады. Осының барлығын назарға алған Мәжіліс Төрағасы:

-Біз заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық. Енді Елбасы тапсырмасын қалтқысыз орындау үшін құжатты әзірлеушілер мен осы саланың кәсіби мамандары бірінші және екінші оқылым аралығында депутаттармен, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, заң жобасын қауіпсіздікті,  тұрақтылықты сақтауға, азаматтарымыздың тыныш өмір сүріп, еңбек етуін қамтамасыз етуге барынша ықпал ететіндей жоғары деңгейде өз мәресіне жеткізу керек,-деді.

  Осы күні халық қалаулылары азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістерді де бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы несие берушінің мәртебесін күшейтеді. Егер жөнсіз мұрагерлер алған мүлігін тіркеуден бас тартып жүрсе, несие беруші ондай мұрагерлерден мүлікті тіркеуді талап ете алады. Борышкер шоттарына бірнеше рет шектеу қойылған жағдайда ақшаны есептен шығарудың кезекшілігі өзгереді. Денсаулыққа келтірілген залал, алименттерді өндіру және еңбек ақысын, зейнеттік міндетті төлемдерді төлеу бойынша азаматтардың талап-арыздары бірінші кезекте төленеді. Мемлекеттің және басқа несие берушілердің қарыздары жоғарыда айтылған талап-арыздар өтелген жағдайда ғана төленеді.

Заң жобасы жеке мүлік құқығын қорғаудың қосымша кепілдіктерін көздейді және заңды тұлғалар туралы бірқатар нормалар жетілдіріледі.

Осы құжаттағы мәмілелерді жарамсыз деп тану институтын жетілдіру ұсыныстары жобаның тұжырымдамалық жаңалығы болып табылады.

Заң жобасында жарамсыз мәмілелердің мәнсіз және дауланатын мәмілелерге бөлінуі көзделеді.

Мәжіліс Төрағасы заң жобасы екінші оқылымда қаралғанға дейін бүгінгі айтылғандарды есепке ала отырып, жан-жақты жетілдіруді тапсырды.  

Жалпы отырыста салық резиденттігін растайтын құжатты тану тәртібі туралы Ресеймен келісімнің ратификациялануын көздейтін заң жобасы депутаттардың оң қорытындысын алды. Келісімнің басты мақсаты аталған рәсімді жеңілдету. Келісімде Ресей салық төлеушілерінде 2011 жылдан бастап апостильсіз берілген сертификаттар болған жағдайда, ол құжаттар Қазақстанның салық органдарында шектеусіз қабылдануы қарастырылған. Ресей салық органдары біздің отандық резиденттер үшін де осы тәртіпті қолданатын болады.

Осы күні Палата міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістерге байланысты заң жобасын жұмысқа қабылдады. 

 

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі