Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.10.2016

Мәжілістің ресми сайтында депутаттық сауалдардың жауабы да орналастырлатын болды.


Астана. 12-қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, халық қалаулылары «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Айта кету керек, бұл заң жобасына Мәжіліс депутаттары З. Балиева, А. Базарбаев, С. Дьяченко, Ж. Дүйсебаев және Д. Құсдәулетов өздері бастамашы болды.

Сондықтан, негізгі баяндаманы Мәжіліс депутаты Жексебай Дүйсебаев жасады.   Айтуынша, кең байтақ жеріміздің іс жүзінде 43 пайызы немесе 80 миллион гектары ғана қолданыстағы жайылымдарға тиесілі болып отыр, яғни мал басына шаққанда орта есеппен 2-3 гектардан аспайды, кейбір аймақтарда бұдан да кем. Норма бойынша 5 гектардан аз болмауы тиіс. Нәтижесінде 27 миллион гектар жайылымдық жер деградацияға ұшырап және бұл көлем жылдан-жылға ұлғаю үстінде.

 Оған біріншіден, 100 миллион гектар жайылымдық алқап осы күнге дейін айналымға енбей, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға өзінің толық қанды үлесін қоспай келгені, екіншіден, ауылдың төрт түлік малының басым көпшілігі немесе 70 пайызы тек қана ауыл маңына жақын жерлерде шоғырланғандығы, үшіншіден, шалғайдағы жайылымдарды суландыру мәселесі толығымен шешілмей, инфрақұрылым объектілері дамымағандығы, төртіншіден, мал басының басым бөлігі ұсақ немесе қосалқы шаруашылықтарда болғандықтан мал иелері экономикалық факторларға байланысты малдарын шалғайдағы жерлерге немесе отгондарға шығаруға мүмкіндіктері жоқтығы, бесіншіден, ауылдық округтердің қарауындағы яғни акционерлік қоғамдарға, шектеулі жауапкершілік серіктестіктерге, шаруашылық қожалықтарына, орман, су шаруашылықтарына тиесілі кейбір жайылымдық жерлер заң жүзінде реттелмегендіктен бұл жерлер толық айналымға енгізілмей нәтижесін бермей отырғандығы себеп.

 Осының барлығы арнайы заңдық деңгейде реттеуді қажет етеді.

 Сондықтан қолдағы 26 миллионнан астам қой, сиыр, жылқы бастарын әрі қарай ұлғайтып, отандық мал шаруашылығын дамыту және олардан алынатын өнімдерінің бәсекеге қабілетті болуы үшін жайылымдарды пайдаланудың ұтымды тұстарын заң тұрғысында жан-жақты қарастыру маңызды шараның ең бастысы болып табылады.

 Заң жобасында басты төрт бағыт айқындалып, заңнамалық сипатта жеке баптармен бекітілген.

 Олар жайылымдарды реттеу, ұйымдастыру, жоспарлау және басқару жүйелерінен қалыптасқан.

  Сондай-ақ жайылымдарды беру тәртібі, жайылымды пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері және жайылым пайдаланушылар бірлестігі туралы нормалар жеке баптарда қарастырылып отыр.

Ілеспе заң жобасында негізгі заң жобасының ережелерін іске асыру үшін  6 заңнамалық актіге заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Осы күні депутаттар тарапынан Париж келісімін ратификациялау туралы заң жобасы да қолдауға ие болды. Париж келісімі жаһандық орташа температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейден 2 градустан анағұрлым төменірек деңгейде ұстауға, парниктік газдар шығарындыларының төмен деңгейінде климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне бейімделу және әлсіздіктің төмендеуіне, төменкөміртекті дамуға және "жасыл экономикаға" қаржы тартуға бағытталған. Қазіргі таңда аталған келісімді жалпы шығарындылары жиынтығының 58 пайызын құрайтын 75 ел ратификациялаған. Келісімге Қазақстанның қосылуы туралы шешім 2016 жылғы 2 тамызда қабылданған.

Палата осы күні салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.  

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарап болғаннан кейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттық сауалдар басталмас бұрын алдағы уақытта біздің Мәжілістің ресми сайтына сауалдармен бірге, олардың жауаптары да қойылатындығын атап өтті. Мәжіліс Спикері:

-бұл бір жағынан депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдардан келген  жауаптарды тікелей көруге және толық танысуға жол ашады, екінші жағынан тиісті органдардың жауапкершілігін көтеруге ықпал етеді деп сенеміз,-деді.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі