Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.10.2016

Мәжіліс жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана. 19-қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, депутаттар жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы және оған ілеспе заң жобасын  бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбірленушілердің жекелеген санаттарына ақшалай өтемақыны төлеу үшін құқықтық негіздерді айқындайды. Жәбірленушілердің үш санаты айқындалған.

Бірінші санат сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандары болып табылатын кәмелетке толмағандарға, адам саудасы және азаптаулар құрбандары(өтемақы мөлшері отыз айлық есептік көрсеткіш етіп көзделеді. Бүгінгі есеппен алғанда, 63 мыңнан астам теңге), екінші санат - денсаулығына ауыр зиян келтірілгендерге, не адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар(қырық айлық есептік көрсеткіш), үшінші санат - қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның құқықтық мирасқоры болып табылатындар(елу айлық есептік көрсеткіш). Ал, ілеспе заң жобасында "Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен үйлестіру бөлігінде Бюджет және Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Құжатты қабылдау қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбірленушілерге ақшалай өтемақы төлеу жөніндегі құқықтық нормаларды заңнамалық бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді.

Осы күні Мәжіліс депутаттары 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Ресеймен Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманың басты мақсаты жанама салықтармен қосарланған салық салу мәселелерін реттеу. Онда Қазақстанның басқа аумағынан Байқоңыр қаласына тауар сату кезінде қосылған құн салығы "нөлдік" мөлшермен есептелетін болады және қосылған құн салығы Байқоңырда бір рет қана 18 пайызбен алынатын болады. Осындай принцип Байқоңыр қаласынан Қазақстанның басқа аумағына тауар сатылғанда да қолданылатын болады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі