Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.10.2016

Мәжілістің жалпы отырысы бір минут үнсіздіктен басталды


Астана. 26-қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.  

Мәжіліс Төрағасы бір сағат бұрын ғана көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сергей Александрович Дьяченконың ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болғанын хабарлай келіп, барша жақындарына депутаттық корпус атынан ауыр қайғыға ортақтасып көңіл айтты. Бір минут үнсіздік жарияланды.

Сергей Дьяченко II, III, IV, V, VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжіліс Төрағасының орынбасары болды.

Н. Нығматулин атап өткендей, Сергей Дьяченко қай жерде, қандай қызмет атқарса да әрдайым Елбасының сенімді серігі болып, мемлекетіміздің игілігі жолында қызмет етті.

Одан әрі күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, Палата салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою үшiн қолданыстағы ең төмен (30 000 АЕК ) және 2017 жылға белгіленген шекті мәнді (3 234 АЕК ) қайта қарау, барлау жүргізілетін кен орындары бойынша коммерциялық табу болмаған жағдайда «carry қаржыландыру» жүйесі бойынша мұнай және газ саласындағы ұлттық оператордың стратегиялық әріптестерінің сыйақылары бойынша берешектерді есептен шығару кезінде алынған кірістерден корпоративтік табыс салығын төлеуден босату, «жұмыс істемейтін» банк қарыздарының көлемін қысқартуға бағытталған, Ұлттық Банкі бекіткен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған жеке тұлғаларды жеке табыс салығын және екінші деңгейдегі банктерді корпоративтік табыс салығын төлеуден босату сынды, басқа да нормалар көзделген.

Сонымен бірге осы күні қорғаныс және әскери қызмет мәселелеріне қатысты түзетулер де депутаттар тарапынан оң қорытындыға ие болды.

Заң жобасында еліміздің 18 заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.

Сонымен бірге, Қазақстан заңдарына Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құзыреттерін кеңейтуге, әскери қызмет өткеру тетігін және аумақтық қорғанысты ұйымдастыру тәртібін жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Облыстар, Алматы мен Астана қалалары әкімдіктерінің жанындағы қазіргі аумақтық қорғаныс басқармаларын аумақтық әскерлер басқармасына өзгерту арқылы және оларға әскери бөлімшелер мәртебесін беріп, оларды Қарулы Күштердің құрамына қоса отырып, аумақтық қорғанысты елдің жалпы қорғаныс жүйесіне интеграциялауға қатысты өзгерістер көзделген.

Сондай-ақ, ұдайы жауынгерлік әзірлік бөлімдеріндегі офицерлік, қатардағы және сержанттық құрам лауазымдарындағы әскери қызметшілерді жұмыс күндері мемлекет есебінен тамақтандырумен қамтамасыз ету ұсынылатын норма бар.

Жалпы отырыста халық қалаулылары тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша бейінді комитетке қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі