Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.10.2016

Мәжіліс-Ақтөбе: «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы»- көшпелі отырыс


Астана, 28 қазан.Мәжіліс Үйі.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті 27 – 28 қазан аралығында  Ақтөбе облысында көшпелі отырыс өткізді. Отырыстың негізгі мақсаты - «100 қадам: Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын (74 және 75-қадамдарын) іске асыру мақсатында әзірленіп жатқан «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы»  Кодекс жобасының тұжырымдамалық негіздерін талқылау болды.   

Мәжіліс депутаттары, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері Ақтөбе облысына сапары барысында «Казхром» АҚ, Ақтөбе қаласының тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны және кәріздік тазарту құрылғылары сияқты нысандарда болды.

 «Казхром» АҚ-на барған кезде депутаттар қожды өңдеу және дайын өнім цехтарында болып, қожды өңдеу мен дайын өнім өндіруді қамтитын өндірістік циклмен танысты, сондай-ақ кезең-кезеңмен іске қосылып жатқан № 4 балқыту цехының жұмысын көрді.

 «Нұр Отан» партиясының залында өткен Комитеттің кеңейтілген отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Инвестициялар және даму вице-министрі Т.Тоқтабаев, Энергетика вице-министрі Ә.Мағауов, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Т.Момышев, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және оның орынбасары К.Бекенов, облыстық мәслихаттың депутаттары, көмірсутекті шикізатты және қатты пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы 80 астам жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, сондай-ақ жер қойнауы қорларын өндіру мен пайдалану саласындағы қызметпен тікелей немесе жанама түрде айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері, облыстық мамандырылған табиғат қорғау прокуратурасының, жергілікті қаржы және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский комитеттің жер қойнауы туралы кодекстің жобасын талқылау  жөніндегі жұмыстарды жоспарлы түрде және бірізділікпен жүргізіп отырғанын, оның дәлелі ретінде комитет мүшелері – Г.А. Баймаханова мен А.С. Мурадовтың Үкімет деңгейінде аталған заң жобасын әзірлеу және талқылау жұмыстарына қатысуын, сондай-ақ ағымдағы жылдың маусым айында осы мәселе бойынша комитеттің кеңейтілген отырысының өткізілуін атап  өтті.

Отырыста инвестициялар және даму вице-министрі Т.Тоқтабаев  және энергетика вице-министрі Ә.Мағауов баяндама жасап, онда әзірленіп жатқан «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің тұжырымдамасы мен негізгі ережелерін баяндады. Заң жобасын талқылау барысында жобаның негізгі ережелері мен «бірінші келдің – бірінші алдың» қағидаты бойынша  жер қойнауын  пайдалану құқығын ұсынудың лицензиялық тәртібін енгізу, CRIRSCO пайдалы қазбалар қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшу және жер қойнауын пайдалану  құқығын ұсынудың оңайтылған тетігін қалыптастыру сияқты жаңашылдықтары атап өтілді.

Көшпелі отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселемен қатар,  депутаттар облыстың экологиялық проблемаларын талқылады.  Қатысушылар Илек трансшекаралық өзені бассейнінің хроммен және бормен ластануы шешімін таппай отырған мәселелердің бірі болып табылатынын, сондай-ақ  Ақтөбе қаласының тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына және кәріздік тазарту құрылғыларына қатысты проблемалар алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты.

Отырыс жұмысының қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі