Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.11.2016

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі


Астана. 28 қараша, Мәжіліс Үйі. Бүгін Астанада Тұңғыш Президент күні және тәуелсіздік мерейтойына орай «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» атты халықаралық конференция өтті.

Конференцияны Мәжілістің Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізді.

  Маңызды жиында Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин құттықтау сөз сөйлеп, Тұңғыш  Президентіміз –  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жеткен бұл мерейтой  – ел тарихындағы ерекше кезең екенін атап өтті.

-Біз 25 жылдың ішінде барлық  қиындықты  жеңіп, дамыған 50 елдің қатарына кірдік. Бұл шынында тарихи  жеңіс. Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің жеңісі. Сондықтан, 25 жылдық  биік белестер –  еліміз үшін, халқымыз үшін жарқын  болашаққа  жол  ашып  отыр,-деді Нұрлан Нығматулин.

Одан әрі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов, Ресей Федерациясының Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары В. Васильев, Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжілісі Төрағасының орынбасары М. Хамзачеби, Финляндия Республикасы Парламенті төрағасының бірінші орынбасары М. Пеккаринен, Еуропалық Одақтың орталық Азия бойынша арнайы уәкілі (Бельгия) П. Буриан, Дж. Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ бойынша институтының төрағасы (АҚШ) Ф. Старр сөз сөйледі.

Конференция жұмысы 3 сессияны қамтыды.

1-сессияның тақырыбы Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың негізгі қорытындылары. Онда еркін нарықтық экономиканы және тұрақты демократиялық саяси жүйені құру жолында Қазақстанда жүргізілген реформаларды қалай бағалауға болады? Елімізде жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жалпы мәні неде? Осы және өзге де сұрақтар әңгіме өзегіне айналды. Ал, «Қазақстан әлем саясатында» деп аталатын екінші сессия жұмысында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану, ДСҰ-ға кіру, ЕО-мен жаңа буын келісіміне қол қою, Еуразиялық экономикалық одақ пен басқа да өңірлік бірлестіктерге қатысу сияқты Қазақстанның жетістіктері тұрғысынан еліміздің жүргізіп отырған белсенді сыртқы саясатының негіздері мен салдары жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге, «келешек көкжиегі» тақырыбы арқау болған үшінші сессияда Батыс пен Шығыстың сарапшы мамандары және Парламент мүшелері Қазақстан мен оны қоршаған әлем 5, 10, 25 жылдан кейін қандай болады? деген сұраққа жауап іздеді.

  Ауқымды шара аясында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин халықаралық конференцияға арнайы келген мәртебелі меймандармен екіжақты кездесу өткізді.

Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Финляндия Парламенті өкілдерімен болған жүздесуде Мәжіліс Төрағасы қонақтарға өз алғысын жеткізді. Парламент қабылдаған Декларацияға баса назар аудара келіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқының 25 жылда жеткен жетістіктері баян етілгенін айтты.  

Кездесу иелері парламентаралық байланыс мәселелеріне де жете көңіл бөлді.

 Айта кетейік, маңызды форумды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.

 

 

( ҚР Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі