Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.12.2016

Мәжіліс тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдады.


                Астана, 7 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің    жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы»   заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

- Бұл заң жобасы тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен алғашқы рет енгізілді. Осы орайда, Президентіміз қателік жасаған азаматтарға кешірім жасап, олардың жаңа  өмір бастауына  жол ашып отыр. Бұл  тәуелсіз еліміздің шын мәнінде демократиялық  және өркениетті ел болуының нақты көрсеткіші,-деп атап өтті.

Заң жобасында азаматтардың әлеуметтік осал санаттары – кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдерге, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдарға, I, II және III топтағы мүгедектерге, елу жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдарға, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, әскери және интернационалдық борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлеріне, сондай-ақ күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын әйелдерге қатысты рақымшылық жасау ұйғарылып отыр.

                Барлық қылмыстық істер мен соттар қарамаған істер бойынша, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізуді тоқтату көзделіп отыр. Сотталған адамдардың жекелеген санаттары үшін жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен ауыстыру немесе оны қысқарту рәсімін қолдану мүмкіндігі пайда болады.

                Сонымен қатар, заң жобасында рақымшылық жасау актісі қолданылмайтын адамдардың аясы белгіленеді. Бұл жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар; террористік және экстремистік қылмыстар; азаптаулар жасаған адамдар; рецидивистер; өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланған, сондай-ақ кешірім жасау тәртібімен өлім жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар, бұрын рақымшылық жасалған немесе кешiрiм жасалған және қайтадан қасақана қылмыстар жасаған адамдар; қылмыстық топтар құрамында қылмыстар жасағаны үшін сотталған, сондай-ақ қылмыстық заңда белгіленген бірқатар өзге де қылмыстар жасаған адамдар.

        Осы күні Палата өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта негізгі үш бағыт бойынша, олар: өсімдіктер дүниесіне, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты бірқатар жаңа нормалар енгізіліп отыр.

 Жалпы отырыста «Жайылымдар туралы», «Пробация туралы»,  «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» және оларға ілеспе заң жобалары екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Мәжілісмендер бұл күні Жоғары Сот Кеңесі туралы Заңға өзгерістер енгізуге қатысты, сондай-ақ, кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу туралы Конституциялық заң жобасы, сонымен бірге, құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша  заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыста зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру және электр энергетикасы мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобалары бойынша да бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

Осы күні Мәжіліс депутаттары Польшамен адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау заң жобасын жұмысқа алды.  

 

 

(74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі