Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.12.2016

Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа қабылдады.


Астана. 21-желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Палата депутаттары Словениямен табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Конвенция уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюды көздейді.

                Конвенцияда табыс көзі пайда болатын мемлекетте дивиденттерге, пайыздар мен роялтиге төмендетілген мөлшерлемелер бойынша салық салуға негіз болатын ережелер көзделген.

                Сондай-ақ Конвенцияда өзара келісу рәсімі, ақпарат алмасу тетігі және Конвенцияның күшіне ену мәселелері ашып көрсетіледі.

Осы күні халық қалаулылары сот-сараптама қызметі туралы және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын қабылдау сот-сараптама қызметін жетілдіруге қатысты құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға, бірыңғай сот сараптамасы органын құруға, жеке сот сарапшылары институтын дамытуға, сот-сараптама ұйымдары жұмысының тиімділігіне, сондай-ақ сот төрелігі процесіне қатысатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтық қорғалуын, сот сарапшысы лауазымының беделін арттыруға жәрдемдеседі.

Ал ілеспе құжатты қабылдау сот-сараптама қызметін жүзеге асырумен байланысты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді үйлестіруге және біріздендіруге жәрдемдесетін болады.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының тақырыбы өзгертілді.

Жалпы отырыста депутаттар Сербиямен халықаралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға байланысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Сонымен қатар, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Ресеймен Эмба полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) пайдалану және  жалға беру шарттары туралы  келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметінің арасындағы Ембі сынақ полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан мен Ресей арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі