Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.01.2017

Мәжілістің 2017-жылдағы алғашқы Бюро отырысы өтті.


Астана. 16-қаңтар. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жаңа жылдағы алғашқы Бюро отырысы өтті.

Күн тәртібін нақтылаған депутаттар алдағы жалпы отырыста жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы күні Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралады деп күтілуде.

                Жалпы отырыста «Стандарттау туралы» және оған ілеспе заң жобалары жұмысқа қабылданатын болады.

Сонымен бірге, бірқатар заң жобалары бойынша атап айтатын болсақ, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы), Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалмақ.

Бюро отырысында сондай-ақ, халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы және фармацевтика саласының жай-күйі және дамуы туралы парламенттік тыңдау өткізу туралы Қаулы қабылданды.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі