Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.01.2017

Мәжіліс жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 18 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтті.

Мәжіліс Спикері алда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  жүктеген жауапты  міндеттер тұрғанын және оларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету жолында атқарылатын жұмыстардың көп екенін алға тарта келіп: - біз  аймақтарда болып, сайлаушылармен де кездестік. Осы уақыттарда айтылған барлық мәселелерге алдағы  заң шығару жұмысымызда   ерекше   көңіл бөлетін боламыз,-деді.

Атап айтатын болсақ, бүгінгі отырысқа бірінші оқылымда ұсынылып отырған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесіне қатысты заң жобасы маңызды құжаттардың бірі.

Сондай-ақ, жақын уақытта денсаулық сақтау және әлеуметтік – еңбек салаларына қатысты заң жобасы қаралады.

Н. Нығматулин атап өткендей, жол қозғалысы туралы, ақпарат және коммуникация, коммерциялық емес ұйымдар басқа да салмақты құжаттар бойынша тыңғылықты жұмыс істеу міндеті тұр.

Палата Төрағасы сессия соңына дейін Мәжілісте өтетін үкіметтік сағаттар мен парламенттік тыңдауларға да айрықша көңіл бөлді.

Осы жұмыстардың барлығын бірлесіп, жоғары деңгейде орындауымыз керек дей келіп, Палата Спикері:  - Мәжілістің ең басты міндеті әдеттегідей заң шығармашылық жұмысының сапасын күшейту мен заңдардың орындалуына бақылауды күшейту,-деді.

Одан әрі күн тәртібін талқылауға кіріскен депутаттар Ұлттық Экономика министрлігі әзірлеген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда талқылады. Заң жобасы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджетті кезең-кезеңмен және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі институтын енгізуге, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процестегі және коммуналдық меншікті басқарудағы өкілеттіктерін одан әрі кеңейтуге бағытталған.

Талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы бұл мәселенің өте маңызды екенін ескеріп, министрге жауапты мемлекетттік органдардың жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін елдің ортақ бюджеттік жүйесіне интеграциялауға қаншалықты дайын екендігі туралы сұрақты алға тартты.  Осы ретте  Мәжіліс Спикері қазынашылықтың қолданыстағы ақпараттық жүйесін кеңейту қажеттігін атап өтті.

-сіздер бұған дайынсыздар ма? Ол үшін қаржы қаралды ма? Бұл ауылды жерлердегі интернеттік қолжетімділікпен қаншалықты сәйкес келеді? Естеріңізде болса, сіздер кірістерді жалпыға бірдей декларациялау туралы заңды қабылдау кезінде де осылай келгенсіздер. Одан кейін белгілі болғанындай,  мемлекеттік кірістердің ақпараттық жүйесі жаңа режимге дайын болмай шықты. Осы жолы да солай болмай ма?-деді. Мәжіліс Төрағасы көтерген тағы бір өзекті мәселе ауылдық округтер әкімдеріне бюджеттік процесстер және коммуналдық меншікті сауатты әрі дұрыс басқаруды оқытуды ұйымдастыру. 

-Шын мәнінде сыбайлас-жемқорлыққа қарсы мекеменің мүмкін «клиенттері» емес, «жан-жақты дайындықтан өткен» әкімдер шығуы қажет,-деді Н. Нығматулин.  

Мәжіліс депутаттарының сын-ескертпелері заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында қатаң назарға алынатын болды.

Бүгін халық қалаулылары аталған құжатты бірінші оқылымда мақұлдау туралы Қаулы қабылдады.  

Жалпы отырыста депутаттар тарапынан оң бағасын алған тағы бір заң жобасы Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Қазақстанда  Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру туралы келісімді (2-санат) ратификациялау.

Гляциологиялық орталық ғылыми зерттеулерді жүзеге асырады, ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеуді көтермелейді, Орталық Азиядағы тау мұздықтарының еруіне байланысты болжамдар мен тәуекелдер мәселелері жөніндегі бағдарламаны ұйымдастырады,  жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін  таратуды қамтамасыз етеді.

ЮНЕСКО қажетіне қарай Орталыққа өз сарапшыларының қызметін ұсыну, уақытша негізде қызметкерлер алмасуға қатысу, өздерінің қызметкерлерін Орталықтың қарауына уақытша іссапарға жіберу, сондай-ақ техникалық қолдау ұсыну нысанында көмек көрсетеді.

Осы күні сондай-ақ,  «Стандарттау туралы» және оған ілеспе заң жобалары жұмысқа қабылданды.

Сонымен бірге, бірқатар заң жобалары бойынша атап айтатын болсақ, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы), Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі