Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.02.2017

Мәжіліс Спикері алғаш рет ресми сапармен келген Чехия Депутаттар Палатасының Төрағасымен кездесті.


Астана. 6-ақпан. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Чехия Парламенті Депутаттар Палатасының төрағасы Ян Гамачек бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Бұл екіжақты парламентаралық қарым-қатынас үшін тарихи оқиға.

Бұл Н. Нығматулиннің пікірінше, Чехияның екіжақты әріптестікті одан әрі ынталандыруға деген мүдделілігін білдіреді.

Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін алға тартқан Мәжіліс Спикері қос мемлекет Президенттерінің өзара сенім мен сындарлы қатынасқа құрылған маңызды кездесулері екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға серпін беріп келе жатқанын атап өтті.

Палата Төрағасы кездесу иелеріне Қазақстан Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі және биылғы халыққа арнаған Жолдаудың басым бағыттары жайында әңгімеледі.

Жолдауда әсіресе, экономикалық бағытты жаңғыртуға айрықша назар аударылғанын алға тартқан Н. Нығматулин Қазақстан экономикасында  Чехияның өзіндік орны бар екеніне тоқталды.  

Мәселен, біздің елімізде чехиялық капиталдың қатысуымен 100 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 186 млн. долларды құрайды.

Ал, бүгінгі күні өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің басым бағыттары ауылшаруашылығы, машинақұрылыс, энергетика,  фармацевтикалық өндіріс және туризм салалары.

Өз кезегінде Ян Гамачек,  Қазақстанның 25 жыл ішінде жеткен жетістіктерін тарихи табыс деп бағалай келіп, Қазақстан Президентінің тек аймақтық емес, әлемдік саясаттағы тұлғалық рөліне айрықша көңіл бөлді. 

Кездесу иелері осы жылдың маусым айында  Астанада ашылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін де назардан тыс қалдырмады.

Онда Чехия Президенті Милош Земан құрметті қонақ ретінде қатысады деп күтілуде.

Көрмеде аталған мемлекеттің арнайы павильоны болады, бұл Праганың «ЭКСПО» мамандандырылған көрмесіне алғаш рет қатысуы.

Жүздесу барысында сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық, сонымен бірге, парламентаралық ықпалдастықты күшейтудің маңызды сұрақтары талқыланды.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі