Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.03.2017

Парламент Конституцияға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады


Астана. 3-наурыз. Мәжіліс үйі. Бүгін Елбасының қатысуымен Парламент Палаталарының  бірлескен отырысы өтті.

 Парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап өтті.

-Менің Жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жұмыс тобы атқарған жұмыстың қорытындысына тоқталып, Конституцияның 26-бабына қатысты өзгерістерді халықтың кей бөлігінің әрқалай түсінгенін айтты.

– Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныс келіп түсті. Бүкіл Конституциялық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын. Жалпыұлттық талқылаудан өткенін ескеріп, заң жобасын Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп байыптауға болады. Жұрт өз сөзін айтып, сол арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы қазіргі реформалардың ерекшелігін атап өтіп, елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдеріне назар аударды.

Бірлескен отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Президетке бірлескен отырысқа қатысып,  оның ерекше тарихи маңызын көрсетіп бергені үшін алғыс білдіре келіп, Парламент депутаттарының Елбасының Конституциялық  реформаға байланысты айтқан  барлық ұсыныстарын негізге алып,  өте маңызды  заң жобасын жоғары деңгейде қабылдайтындығына сендірді.

Елбасынан кейін Президент Әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ә.Жақсыбеков ұсынылып отырған өзгерістердің нақты жобасын Парламент депутаттарына таныстырды.

Жұмыс тобының жетекшісімен сұрақ-жауап рәсімінен кейін Парламент депутаттары заң жобасын талқылауға кірісті.

Бірінші болып сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Президенттің бірқатар өкілеттігі бөлінгенмен, Тәуелсіз еліміздің бүгінге дейінгі тұрақты дамуының кепіліне айналған президенттік басқару формасы өз күшінде қалатынын, мемлекеттігіміздің негізгі тірегі, конституциялық мызғымастығымыздың алтын көпірі екенін атап өтті.

Және нақты ұсынысын жеткізді. -Конституцияның 41-бабында ел Президентінің лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік өлшемдерінің ішінде жоғары білім жайы ескерілмегені мүлдем ақылға қонымсыз. Тіпті мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғарғы білім болуы қаралған, ал елді басқаратын Президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған. Сондықтан да Президенттікке кандидатқа қойылатын басты талаптар қатарында - міндетті түрде жоғары білімінің болуын Конституцияға енгізу қажет,- деді.

Ал, Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова халқымыз үшін аса қасиетті Тәуелсіздік, Егемен Қазақстан, Тұңғыш Президент, Елбасы ұғымдары әлдеқашан бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдарға айналғандығын алға тарта келіп: -Ендеше, "Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын өзгертуге болмайды" делінген Конституциямыздың 91-бабы 2-тармағының жаңаланған нұсқасын "Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасының ерен еңбектері, тәуелсіз ұлттың қалыптасуына жасаған толағай табыстарын да ерекшелеп, бірегей үлесі аталып өту қажет" деген мәтінмен толықтыруды ұсынамын деді.

Қос Палатадан барлығы 16 депутат сөз алды. Әрқайсысы өз ұсыныстарын жеткізіп және әріптестерінің ұсыныстарын қолдайтындығын білдірді.

Талқылауға қатысқан депутаттардың барлығы ел дамуы жолында Конституциялық реформаның орны ерекше екенін баса айтып, Ата Заңға түзетулерді бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.

Осыдан кейін Мәжіліс Спикері заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, оны екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясын құру туралы ұсынысты дауысқа қойып, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Президент белгілеген осы заң жобасын қарау тәртібіне сәйкес комиссияның құрамы Парламент палаталарының төрағаларының ұсынуымен 17 адам болып бекітілді. Олар, Сенаттан - Серік Ақылбай, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Қайрат Ищанов, Дулат Құсдәулетов, Дариға Назарбаева, Людмила Полторабатько, Мәжілістен - Нұрлан Әбдіров, Мәулен Әшімбаев, Жамбыл Ахметбеков, Анар Жаилғанова, Роман Ким, Екатерина Никитинская, Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Және әзірлеуші тараптан - Талғат Донақов , Игорь Рогов , Марат Бекетаев.

Палата Төрағаларының ұсынысымен бірлескен комиссияның төрағасы болып Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров бекітілді.

Мәжіліс Спикері атап өткендей конституциялық өзгерістер  Парламент палаталарының тұрақты комитеттерінде, саяси партиялар фракцияларында, жан-жақты, мұқият талданып, барлық ұсыныстар комиссияға беріледі. Одан кейін Парламенттің бірлескен отырысында қаралады.

Бірлескен отырыс  6 наурыз күні сағат 10.00-де өтеді.

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі