Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.03.2017

Парламент «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады


Астана. 6-наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, халық қалаулылары  «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын екінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы Ата Заңға түзетулер жөнінде «Конституциялық реформа – бұл мықты президенттік билікті сақтай отырып, ең алдымен демократияны одан әрі нығайту, халықтық билік негізін күшейту, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыру, -деп пікір білдірді.

Конституцияға түзетулерді екінші оқылымға дайындау барысында Парламент депутаттарымен бірге Конституциялық кеңес, Бас Прокуратура, Жоғарғы сот, Нотариалдық палаталар, Құқық қорғау органдары академиясы, Кәсіподақтар федерациясы, Заңгерлер одағы, Әділет министрлігі соттық сараптама орталығы басқа да өкілдердің қатысуымен кең көлемде талқыланды. Пікірлесуге бірқатар мемлекеттік емес ұйым мүшелері де қатысты. Заңнамалық нормалар және Сенат пен Мәжіліс депутаттары енгізген өзгерістер бірлескен комиссия отырысында қаралды.

Парламент Палаталары депутаттарының алдында баяндама жасаған,  аталған заң жобасы бойынша құрылған бірлескен комиссияның төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров мемлекет басшысы ұсынып отырған заң жобасы Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізуді көздейтіндігін атап өтті.

Баяндама мәтінін толықтай www.parlam.kz. сілтемесінен қарауға болады.   

Конституцияда көзделіп отырған барлық ұсыныстарды жан-жақты баяндай келіп, Нұрлан Әбдіров  Бірлескен комиссияның «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда тұтастай қабылдауды ұсынатындығын жеткізді.

Ұсыныс Парламент депутаттарынан бірауыздан қолдау тауып, тиісті қаулы қабылданды.

Отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсыныстарын негізге алып, Конституциямызға енгізілген барлық өзгерістерді қабылдадық. Осы тарихи шешіммен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын,-деді.

Заң одан әрі Елбасына қол қоюға жолданады.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі