Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.03.2017

Мәжілісте Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігінің басымдықтарына арналған үкіметтік сағат өтті.


Астана. 13-наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжілісте Халықаралық істер, Қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігінің басымдықтары туралы» тақырыбында үкіметтік сағат өтті.

Тақырып бойынша ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов баяндама жасады.

Шараға төрағалық еткен Мәжіліс Спикерінің орынбасары В. Божко біздің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздіктің ғаламдық мәселелерін шешудегі маңызды рөлінің халықаралық деңгейде мойындалғандығы екендігін атап өтті.

                Ал, Қ. Әбдірахманов атап өткендей, Қазақстан 2017 жылдың 1 қаңтарында өзінің жауапты миссиясына кірісті. Бүгінде Қауіпсіздік Кеңестегі жұмыс толық қарқынмен жүріп жатыр және қазақстандық делегация ҚК-нің барлық күн тәртібінін қарастыруда белсенді түрде қатысуда. Басты басымдықтар, біріншіден, ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу, екіншіден, жаһандық және өңірлік деңгейдегі әскери текетірестің дәрежесін азайту арқылы жаһандық соғысты алдын алу және оны жою, үшіншіден, орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құру, төртіншіден, халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы күрес, бесіншіден, африка континентінде ұлттық татуласу әрі бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігер жұмсау, алтыншыдан, бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамудың бір-біріне байланыстылығы: соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша бірлескен шаралар, жетіншіден, кеңес пен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырда адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейімдеу.

                Қосымша баяндама жасаған комитет төрағасы М. Әшімбаевтың айтуынша еліміздің осы әлемдік беделді ұйымға сайлануы – жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қазақстанның сіңірген еңбегі мен рөлін халықаралық қауымдастықтың мойындауы екені сөзсіз.

Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауға, бітімгершілік және халықаралық дағдарыстарды бейбіт жолмен шешуге, дүниені теңселтіп тұрған терроризммен күреске, сондай-ақ дүниежүзілік деңгейде діндер арасындағы диалогті дамытуға қосқан үлкен үлесін жаһандық деңгейде жоғары бағалануы.  

Одан әрі М. Әшімбаев: -Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің  тұрақты емес мүшелігіне сайлануына еліміздің дипломаттарының және Министр Қайрат Әбдірахмановтың сомды үлес қосқанын жеке атап өткен орынды деп есептеймін. Бұл – қазақстандық дипломатияның биік деңгейін көрсетеді.

Сондықтан, біз, Мәжіліс депутаттары, құзыретті органның осы орайдағы жұмысын толық қолдай отырып, алда да жаһандық ұйымда Қазақстанның басымдықтарын іске асыруда Сыртқы істер министрлігі мен дипломатия өкілдері өз міндеттерін жоғарғы деңгейде атқарады деп сенеміз,-деді.   

Айта кетейік, Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ның 6 басты органдарының бірі болып табылады, оған халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қолдау көрсету бойынша басты жауапкершілік жүктелген. Кеңестің 15 мүшесі бар, олардың 5-і  тұрақты, олар: Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция. Қалғандары  БҰҰ Бас Ассамблеясы екі жылдық мерзімге сайлайтын тұрақты емес мүшесі.

Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері міндеттеуші күшке ие және БҰҰ мүше мемлекеттердің барлығы орындауы тиіс.

Қазақстанның беделі мен салмақты қызметтік тізбесін назарға ала отырып, біздің елімізге ҚК-нің Ауғанстан/Талибан (Комитет 1988), ИГИЛ/ДАИШ/Аль-Каида (Комитет 1267/1989/2253) және Сомали/Эритрее (Комитет 751/1907) комитеттеріне төрағалық ету міндеттелген.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі )

 

               


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі