Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.03.2017

Мәжілісте денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды


Астана, 15 наурыз, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палатаның Әлеуметтік – мәдени даму комитетінің шеңберінде  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өткізілді.

                Заң жобасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Отырыс Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың жетекшілігінде өтті.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы 14 маусымдағы тапсырмасына сәйкес әзірленді, оған сәйкес әлеуметтік салада жаңадан қабылданған заңдардың, әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мүмкін болатын әлеуметтік қауіптері мәніне талдау жүргізу тапсырылған.

Заң жобасы:

Әлеуметтік медициналық қорға жарналар мен аударымдардың мөлшерлерін қайта қарауды;

ӘМСҚ-ға жарналар мемлекеттен келіп түсетін адамдардың, сондай-ақ ӘМСҚ жарналар төлеушілердің тізбелерін анықтау;

Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ел азаматтарымен қатар медициналық көмек алу құқығын ұсынуды;

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМКК көрсету бойынша қызметтерді сатып алуды ӘМСҚ құзыретіне жатқызуды;

әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тетіктерін реттеуді;

ӘМСҚ банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын уақытша шектеу мен тоқтатуды қолданбау арқылы, сондай-ақ оларға тыйым салу және  өндіріп алу өтініші арқылы ӘМСҚ активтерінің қаржылық тұрақтылығы мен сақталуын қамтамасыз етуді көздейді.

Одан басқа, заң жобасы түсіндіру аппаратын нақтылау бойынша нормалардан және қолданыстағы заңнамалық актілердің бірқатар ережелерінен және оларды енгізіліп жатқан МӘМС жүйесіне сәйкес келтіруден тұрады. 

МӘМС жүйесі денсаулық сақтау қызметтерін көрсету жүйесінің қолжетімділігін, сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығының маңызды проблемаларына байланысты қаржылық тәуекелдерін төмендету мақсатында енгізіледі. МӘМС жүйесін енгізу әлеуметтік бағытталған ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуметтік әділдік, денсаулық үшін ортақ жауапкершілік, халықты жалпыға ортақ қамту және сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету қағидаттарын сақтай отырып, әлеуметтік бағытталған ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына және қарқынды дамуына мүмкіндік туғызады.

Таныстырылымға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, оқу орындарының, денсаулық сақтау мекемелерінің, сонымен қатар БАҚ өкілдері қатысты.

Заң жобасы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова жетекшілік ететін жұмыс тобында қарастырылатын болады.

 

 (Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі таратты,24-38-22)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі